Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында аталған ведомствоның ресми өкілі Ерболат Ерімбет мәлім етті.
Оның атап өтуінше, адвокаттық қызметпен айналысу құқығына үміткерлерді аттестациядан өткізуге 970 адам шақырылған. Дегенмен, олардың тек 520-сы ғана келсе, оның ішінде 249 адам аттестациядан өткен. «Қалғандары екі кезеңнен тұратын аттестацияның сұрақтарына жауап бере алмағандықтан өте алмады», - деді.
Ал аттестатциядан өткен азаматтар адвокаттар алқасында тағлымдамадан өтіп, қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін тиісті лицензияларын алады.
Шақырылған үміткерлердің тек жартысының аттестациядан өтуге келе алмауы Астана қаласының алшақта орналасуы себеп болғандығын баса айтқан Е.Ерімбет: «Қазіргі уақытта тиісті Үкімет қаулысын әзірлеп жатырмыз. Аталған жобада адвокаттық қызметке үміткерді аттестациядан өткізу қызметі жергілікті органдарға, яғни әділет департаменттеріне берілетін болады», - деді.
Ресми өкілдің пікірінше, бұл шара қызметкер қол жетімділікті жеңілдетіп, қажеттілігі қатты сезілетін аудан, ауылдарда адвокат санының артуына септігін тигізеді.