Адвокаттық қызметпен айналысуға негізделген лицензияны алу талаптары күшейтілді

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат -  2012 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енеді.

Әділет министрлігінің реми сайтының мәліметіне қарағанда, Заң ережелері адвокатура қызметін ұйымдастыруды одан әрі жетілдіруге және адвокат кәсібіне қолжетімділігі мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталып отыр.

Нақты атап көрсеткенде, Заңда тікелей тағылымдамадан және аттестаттаудан өту тәртібінің негізгі ережелері бекітіліп, сондай-ақ адвокаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғалар үшін аттестаттауды қабылдау жүйесін орталықсыздандыру көзделген.

Адвокаттық қызметпен айналысу үшін лицензия алуға үміткер тұлғаларға қатысты қойылатын талаптар күшейтілді. Оның ішінде, тағылымдамадан өту мерзімі ұзартылып, бүгінгі таңда ол алты айдан бір жылға дейін белгіленді.

Лицензия алу процедурасы әлемдік стандарттарға сәйкестендірілді, яғни азаматтар лицензия алу үшін бірінші сатыда тағылымдамадан, одан кейін аттестаттаудан өтеді.

Сонымен қатар, Қазақстан тарихында бірінші рет аумақтық адвокаттар алқалары міндетті түрде мүшелігіне енетін Республикалық адвокаттар алқасы құрылады.

Республикалық деңгейдегі осындай құрылымның болуы адвокатураның бірігуіне, сондай-ақ тәуелсіздігі мен өзі-өзін басқару институтын нығаюына әсер етеді.

Заңның елеулі құқықтық ережелерінің бірі ауылдық жерлерде адвокаттық қызметпен айналысқысы келген тұлғаларды бастапқы мүшелік жарнадан босату болып табылады, ол ауыл халқын білікті заңгерлік көмекпен қамту мәселелесін шешуге мүмкіндік береді.