Адвокаттың тергеу құжаттарының көшірмелерін алу құқығы болуы керек - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қылмыстық-процессуалдық кодекске адвокаттарға қорғауындағы тұлғаны тергеу құжаттарының көшірмелерін алу құқығын беруді көздейтін түзетулер енгізілуі мүмкін. Бұл жайында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Мәжіліс депутаттарына қылмыстық заңнамаға енгізілетін түзетулерді таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда қорғаушының құқықтарын қорғау үшін негізгі маңызы бар кейбір құжаттармен адвокаттар тек танысуға құқылы. Адвокаттар азаматтарды қорғау үшін қажетті ақпаратқа ие болуы керек. Өйткені, олар заңға сәйкес өздерінің қорғаушыларының мүддесі үшін әрекет етеді», - деді ол.

Нақтырақ айтсақ, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 70-бабында адвокаттарға ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын тұлғадан мына құжаттардың көшірмелерін алуға мүмкіндік беретін түзету ұсынылады:

1) қорғаушының қатысуымен жүргізілген тергеу және іс жүргізу әрекеттерінің хаттамалары;

2) бұлтартпау шарасын қолдану туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының оның қорғаушысына қатысты қаулылары және бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру туралы сот алдындағы өтінішхаттар.

Қазір адвокат іске кіріскен сәттен бастап көрсетілген құжаттармен тек танысуға құқылы.