«Аджип ККО» компаниясы 45 соғыс ардагеріне дастарқан жайып, қонақ етті
17:38, 06 Мамыр 2009
АҚТАУ. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін «Аджип ККО» компаниясы Ұлы Отан соғысының 45 ардагеріне дастарқан жайып, қонақ етті. Жеңістің 64 жылдық мерекесіне орай өткізілген қайырымдылық шарасының мақсаты - аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, олардың ерлігін кейінгі жастарға үлгі ету,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Соғысқа қатысып, ұрыс даласын көрген және майданда болмаса да тылда жеңіс үшін еңбек еткен ардагер қариялар алдымен Ақтаудағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Отан үшін опат болған майдандас достарын үнсіз еске алып, көздеріне жас алған ардагерлер бұдан соң «Рауан» мейрамханасындағы мерекелік дастарқан басына жиналды. Соғыс естеліктерінен сыр шерткен олар, бүгінгі бейбіт өміріміздің ұзағынан болып, тәуелсіздік тұғырының берік болуына тілектестік білдірді. «Ауызбіршілікті ту еткен халықпыз. Небір шешен, данагөйлерімізден қалған асыл сөздердің өзегі осы бірлік, татулық жайында. Сондықтан бүгінгі күнге жеткенімізге тәубе деп, ертеңгі жарқын болашағымызға Елбасымыздың салиқалы саясатын қолдай отырып, бірлігіміз жараса жете берейік. Осы бірлік пен ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың арқасында ғана біз Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткенбіз. Ардагерлерге көрсетілген құрмет ұрпаққа үлгі, елдігімізге сын!», - деді соғыс ардагері Тұрарбек Игіліков. Мерекелік жиында өлкенің танымал өнерпаздарының концерті ұйымдастырылды. «Аджип ККО» компаниясының өкілдері ұжым атынан қарияларға бағалы сыйлықтар тарту етті.