АЭФ: Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстанның мүмкіндігі мол

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 5 жылда Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,5 есеге өсті. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

«109 елден тұратын Азық-түлік қауіпсіздігі әлемдік рейтингінде ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі күшті дамымаған Кувейт, Сауд Арабиясы және басқа елдер ауыл шаруашылығы өнімін шығару бойынша көшбасшы Аргентина, Беларусь, Бразилия секілді елдерден жоғары тұр. Бұл тұрғыда аталған өнімдерді өндіру мүмкіндігі бойынша алда тұрған мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін көрсетпейтінін байқауға болады. Осы орайда өнімдерінің қолжетімділігі мен оны саудалаудағы шығындарды қысқарту, өнімнің қауіпсіздігі мен тасымалы өте маңызы. Аграрлық ведомствоның басшысы ретінде Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту бойынша оң үрдістер бар екенін атап өткім келеді. Мысалы, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,5 есеге өсті. 2014 жылдың қорытындысы бойынша 15 млрд. долларға жетті»,- деді ҚР АШМ басшысы. А.Мамытбеков бұл салада елімізде тиісті бағдарлама жүзеге асырылып жатқандығын айта келе, бұл шаралар өндірілген өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Жалпы, Қазақстанда азық-түліктің негізгі түрлері бойынша отандық өндірістің үлесі ішкі тұтыну көлемінде 90 пайыздан асып отыр. Бүгінде көптеген елдерде азық-түлік жетіспей жатыр. Осы орайда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру түсуге мүдделі»,- деді министр.