Сессияны ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Экономикалық зерттеулер институты, Орталық Азияның орнықты даму сарапшыларының желісі (NESDCA), Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және Әлеуметтік комиссия (UN ESCAP) мен АҚШ халықаралық даму агенттігінің Орталық Азиядағы миссиясы (USAID) ұйымдастырады. Бұл туралы АЭФ баспасөз қызметінен хабарланды.
Сессияның мақсаты - халықаралық тәжірибені талқылау, елдік «жасыл» бағдарламаларды дамыту негізінде «жасыл» экономика мүддесіне қарай елдік деңгейде де, субөңірлік деңгейде ғылыми зерттеулер мен оқу-ағарту саласын кеңейту бойынша ұсынымдар әзірлеу. Шара барысында басқарудың «жасыл» принциптерін ілгерілетуде оқу-ағарту мен ғылымның рөлі, «Жасыл» өркениетке өтудің елдік моделдері, орнықты экономикалық дамудың инновациялық модельдерін зерттеу құралдары мен әдістері секілді мәселелер талқыланбақ. Бұдан бөлек, «Жасыл» экономиканы қалыптастыру мақсатындағы жарнама, маркетинг, PR, елдік және субөңірлік деңгейде экологиялық оқу-ағартуды ұйымдастырудағы жүйелік тәсіл тақырыптары қаралады.
Сессия жұмысына «Еуразия экономикалық ғалымдар клубы» Қауымдастығының Үйлестіру кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бақыт Сұлтанов, Климатты зерттеу саласында Нобель сыйлығының лауреаты, ЭСКАТО Қоршаған орта мен даму департаментінің директоры, доктор Рой Кван Чунг, «Үлкен Еуразия университет кешені» АКҰ президенті, Орал мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры, профессор Михаил Федоров, әлеуметтік полярлауды зерттеу, қалалар мен ТКШ дамыту саласындағы жетекші британ сарапшысы, Лондон университетінің Корольдік колледжінің профессоры Крис Хамнетт, Ұлттық ғылымдар академиясының президенті, Моңғолияның Қоршаған орта және жасыл даму министрінің кеңесшісі, профессор Адъясурэн Цохио, Орталық Азиядағы USAID Миссиясының экономикалық даму бөлімінің директоры, доктор Майкл Трублад қатысады деп жоспарланған.
Сессияның модераторы - Қазақстанның стратегиялық жоспарлау жүйесіне «жасыл өсім» принциптерін кіріктіру жөніндегі Бірінші Ұлттық есептің үйлестірушісі, «Орталық Азияның орнықты даму сарапшыларының желісі» РҚБ президенті, экономикалық зерттеулер саласындағы АЭФ-4 бірінші сыйлығының лауреаты, профессор Бақыт Есекина. Сессия қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Үлкен жиырмалық» елдері үшін ұсынымдар қабылдайтыны жоспарланады. Сондай-ақ «жасыл» экономика әдіснамасын әзірлеу, «жасыл» бизнесті, экологиялық инфрақұрылым мен насихатты дамыту саласындағы оқу-ағарту, білім беру жүйесін жетілдіру мен ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.