АЭФ: Елордаға биыл қандай атақты меймандар келеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлік Қаражан 16-17 мамырда «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар» тақырыбында өтетін ХІІ Астана экономикалық форумына қандай әйгілі меймандар келетінін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда форумға қатысуын растаған халықаралық қонақтарды атап өтейін: Олар – 2018 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Пол Гомер, Халықаралық валюта қорының Басқарушы-директоры Кристин Лагард, АҚШ Федералды резерві Төрағасының бұрынғы орынбасары Стэнли Фишер (2014-2017), 2007 жылғы әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты, Инчхон мемлекеттік университетінің (Корея Республикасы) құрметті профессоры Рае Квон Чунг, Nokia компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы әрі Ф-Секуре Корпорейшн негізін қалаушы Ристо Сииласмаа, Ислам Даму банкінің Президенті Бандар Хаджар, ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов, Колумбияның бұрынғы Президенті Хуан Мануэль Сантос, БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Армида Алисджабана», - деді Ерлік Қаражан ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік экономиканың өзекті мәселелері мен Қазақстан үшін тиімді экономикалық мүмкіндіктерді талқылау мақсатында 16-17 мамырда жаһандық көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар жиналады. Форумның күн тәртібінде әлемдік экономиканың, өнеркәсіптің және технологиялардың жаңа салаларын дамыту, сондай-ақ Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлер сынды маңызды мәселелер қозғалады.

ХІІ Астана экономикалық форумының тақырыбы – «Ынталандырушы өсім: Адамдар. Қалалар. Экономикалар». Іс-шараға қатысушылар тұрақты өсімнің жаңа жолдарын, адам капиталының дамуы мен білім, инновация есебімен қалалардың әлеуетін күшейту жайын талқылайды.

АЭФ іс-шаралары дәстүрлі түрде панельді сессия, дөңгелек үстел, конференция және бизнес-диалог форматында ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар