Бүгін VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның пленарлық мәжілісінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-сессиясының төрағасы Вук Еремич осылай атап көрсетті.
«Қазақстан қазіргі уақытта әлемдік қауымдастыққа кірігуде. Сонымен қатар Шығыс пен Батыс арасында көпір болуда. Шынымен айтсақ, ұлттық көлемдегі жетістіктер әлемдік деңгейде өзінің көріністерін беруде. Бұл мемлекетке көшбасшылық, озықтық тән. Себебі Қазақстан өзінің ядролық қаруынан бас тартты. Қазіргі уақытта Қазақстан қарусыздану және қарудан бас тарту саясатын жүргізуде. Қазақстан дінаралық үнқатысудың алдыңғы қатарлы, озық мемлекеті де болуда», - деді В Еремич.
Оның айтуынша, бүгін Астанада өтіп жатқан Форумның мақсаты шынымен де жаһандық және қаржылық дағдарыстарға қарсы тетіктерді табу үшін, ұсыныстар дайындау үшін бағытталған.
«Сонымен қатар форум үш сала бойынша, атап айтқанда, теңгерімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету, қаржы жүйесінің орнықты дамуы үшін жолдар іздеу, сыртқы шоттар мен сыртқы қарыздардан құтылу, тәуекелдерді басқарудың тетіктерін табу мәселелерін көтереді. Оның тағы бір бағыты - «G-Global» тұғырнамасын дамыту. Ол ағымдағы қатерлерді қалай шешу қажеттігін, қаржылық реттеу қандай болу керек және мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселелерін, энергетика, тағы басқа сұрақтарды қамтыған болатын. «G-Global» адамзатқа осындай мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-сессиясында үлкен талқылау тудырып, әлемдік қауымдастық өкілдерін қызықтырған болатын», - деді ол.