АЭФ: Жасыл экономика: әлеуметтік инновациялар мен экономикалық өсу мәселелері талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 мамырда IX Астана экономикалық форумы аясында «Жасыл экономика: әлеуметтік инновациялар, экономикалық өсу және экология» атты арнайы сессия өтетін болады.

Бұл туралы АЭФ ұйымдастырушылары тарапынан хабарланды.

Сессия негізінен су секторына, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы энергияның тиімділігі мәселелеріне, сондай-ақ, БҰҰ Даму Бағдарламасының тетіктерін біріктірудің оң тәжірибесі мен ЕЫДҰ, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияның басқа да озық тәжірибелерін таныстыруға арналады. Бұдан бөлек, Қазақстанның ұлттық саясаты, соның ішінде «жасыл инвестициялар» үшін жол ашу бағыттары қарастырылатын болады. «Бүгінгі жаһандық қаржылық және экономикалық қиындықтар жағдайында «жасыл өсу» тұжырымдамасын іске асырудың негіздемесін айқындау, азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін энергия тиімділігін арттыру, индустрия мен ауыл шаруашылығы секторын дамыту бағытында саяси реформаларды айқындаудың маңыздылығы зор», - делінген баспасөз баянында.

Сессия спикерлерінің қатарында БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ ДБ Әкімшісінің көмекшісі, Еуропа және ТМД елдері бойынша өкілдік директоры Джихан Султаноглу, Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы Траян Хриеста, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ГФР Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау және ядролық реакторлар қауіпсіздігі министрі Юрген Кейнхорст бар.

Айта кетейік, Астана экономикалық форумы - Еуразиялық кеңістіктегі жыл сайын өткізу дәстүрі қалыптасқан тарихи оқиға. Осыған орай, жылда Қазақстан астанасында әлемдік экономикалық қоғамдастықтың өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылыми әлемнің өкілдері мен бизнесмендер бас қосады. Биылғы жылы мамыр айының 25-26 күні өтетін IX АЭФ «Жаңа экономикалық шынайлық: әртараптандыру, инновациялар және білім экономикасы» атты тақырыпты қамтып отыр.