Аэротакси көлігін құтқарушылар пайдалануы мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM — Аэротакси медициналық эвакуация немесе төтенше жағдайларда қолданылуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Көлік министрлігі жауап берді.

Фото: Александр Павский/Kazinform

— Аэротакси жобасының серіктесі AutoFlight компаниясы V2000CG — CarryAll Firefighting өрт сөндіруге арналған модельді өндіреді. Аэротакси жолаушылар конфигурациясында өздерінің техникалық мүмкіндіктері шегінде эвакуация үшін қолданылуы мүмкін, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомство аэротакси аппараттарын сертификаттау қалай жүргізелетінін түсіндірді. Бұл ретте, AutoFlight компаниясы өзінің жүкке арналған моделі үшін Қытайда қажет сертификаттардың толық жиынтығын алды, ал Prosperity жолаушылар моделі сертификатталу кезеңінде. Joby Aviation компаниясының аэротаксиі де АҚШ-тың Федералдық Авиация әкімшілігінде сертификаттаудың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Өндіруші елдерде сертификаттар алынғаннан кейін, ұшатын аппараттардың екі моделі де Қазақстанда сертификаттаудан өтеді.
Атап айтқанда, аэротакси қызметіне лицензияны беру және көлікті пайдалануды жалғастыру үшін тиісті талаптар Қазақстанның авиациялық билігінің қарауында болады.

Еске салсақ, Алатау қаласына арнаулы құқықтық мәртебе берілді. 

«Alatau Advance Air Group Ltd.» компаниясының мәліметінше, АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия және Қытайдан электрлік тік көтерілетін және қонатын (electric Vertical Take-Off and Landing (eVTOL) aircraft) ұшақтарды өндіретін жетекші өндірушілердің қатысуымен халықаралық тендер өткізілді. Нәтижесінде, жобаны іске қосу үшін екі жетекші әлемдік өндіруші таңдалды — AutoFlight (Қытай) және Joby Aviation (АҚШ).