Аэроұтқыр әскерлерінің 13-ші спартакиадасы басталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының 12740 әскери бөлімінің базасында спорттың әскери-қолданбалы, ойын және ұлттық түрлері бойынша Аэроұтқыр әскерлерінің 13-ші спартакиадасының қысқы кезеңі басталды. Бұл туралы еліміздің Қорғаныс министрлігінен хабарлады.

Сайысқа Қазақстан Аэроұтқыр әскерлерінің барлық әскери бөлімдері әскери қызметшілерінің командасынан 200-ге жуық адам тартылды. Жарыс 4 чемпонатты қамтиды.

«Президенттік көпсайыс - пневматикалық винтовкадан оқ ату, одан кейін ерлер үшін белтемірге тартылу және әйелдер үшін ішті қатайтуға арналған жаттығу, 3,5 және 10 шақырымға шаңғы жарысы. Екінші чемпионат - партульдердің командалық жарысы. Бұл додада әр командадан 4 адамнан қатысады. Қатысушылар атыс шептерінде нысаналарға жол бойында оқ атып, 10 шақырымдық қашықтықты еңсереді. Әрі қарай спартакиада бағдарламасына сәйкес бес салмақтық санаттағы гір көтеруден екі сайыс және 60, 65, 70, 75, 80, 90 келіге дейінгі салмақта армспорттан сайыс өтеді. Спартакиада 15 қаңтарға дейін созылады»,- делінген хабарламада.

Ведомствоның атап өтуінше, бірінші күні қатысушылар салмақты айқындау үшін таразыға өлшенді, спартакиаданың өткізілу бағдарламасымен танысты.

ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасында атап өткендей, жүлделі орын алған әскери қызметшілер грамоталар және бағалық сыйлықтармен марапатталып, ҚР Қарулы Күштерінің сайыстарына қатысу үшін Аэроұтқыр әскерлерінің құрама командасының құрамына кіру мүмкіндігіне ие болады. Аэроұтқыр әскерлерінің спартакиадасы - бұл жыл сайын ең белсенді, мықты әскери қызметші десантшылардың басын біріктіретін ауқымды дода. Жыл сайын бұл сайысқа қатысушылардың шеберлігі өсуде, оқу-спорттық және әдістемелік база жетілдірілуде. Нәтижесінде, мұның барлығы әскери қызметшілердің жалпы дене және жауынгерлік даярлығына, демек, жалпы алғанда, Аэроұтқыр әскерлерінің әзірлігіне оңтайлы ықпал етеді.