АЭС атауын таңдау: Конкурсқа дайындық басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Атом энергиясы жөніндегі агенттік Алматы облысының Жамбыл ауданында салынуы жоспарланған атом электр стансасына атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурсты ұйымдастыру жұмыстарына кірісті.
Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысына сәйкес, агенттіктің бұйрығымен 29 тамызға дейін конкурсты өткізу алгоритмін және оның мерзімдері мен ұсыныстарды қабылдау және қарау тәртібін қамтитын ережелер жобасын әзірлеу тапсырылған жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ құрамына қоғам өкілдері, креативтік индустрия мамандары, атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кіретін конкурстық комиссия құру жүктелді.
Айта кетейік, 11 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті. Сол кезде Мемлекет басшысы АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиістігін айтты.
- Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде Сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, — деді Президент.
Осыған дейін Өскеменде АЭС мамандарын даярлайтын жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылатыны туралы жаздық.