АЭС энергия мәселесін қалай шешеді

Фото: Midjourney

Қазақстан алдағы онжылдықта атом электр станциясын тұрғызуды көздеп отыр. Жыл өткен сайын елде энергия тапшылығы сезілуде, желілер тозды. Ал әдеттегідей көмір жағып энергия өндірудің шығыны мен табиғи зардабы мол. 1,4 млн тонна уран қорына ие мемлекетіміз үшін аталған мәселені АЭС салу арқылы шешу тиімді болуы мүмкін. Kazinform тілшісі тақырыпты жан-жақты талдап көрді.

Мұқтаждық барын жасырмаған жөн

2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоры Қазақстандағы 16 жаңа басым инвестициялық жобаның тізімін ұсынды. Олардың ішінде 2032 жылға дейін АЭС салу жоспары да бар болатын. «Болжамдық-энергетикалық теңгерім 2032 жылға қарай қуаты 2 400 мегаватқа дейінгі атом станциясын салу қажет екенін көрсетті. Сондықтан Үкімет жетекшілігімен қор осы жобаны іске асыруға кірісті» деп мәлімдеген еді қор басшылығы.

Әрине, АЭС салу қазір түбегейлі қабылданып қойған шешім емес, биыл күзде жалпыхалықтық референдум арқылы қорытындыланады. Алайда оның елімізге керек екенін жасыра алмаймыз. Бар мәселе энергия тапшылығынан басталып тұр. Кеңес одағы кезінде салынған Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС-і сияқты ірі кешендер көмірмен жұмыс істеп тұр, әбден ескірген, олардан атмосфераны ластайтын заттар көп бөлінуде. Ал Дүниежүзілік банктен бастап көптеген үлкен қаржы орталықтары көмірмен жұмыс істейтін станцияларды қаржыландыруды тоқтатуда. Оған қоса, салық пен айыппұл көлемі де артқан.

Органикалық отыны жоқ Франция, Бельгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндияда атом станциялары электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп отыр. Бұл ретте сарапшылар көмірдің жаһандық қоры 270 жылға, мұнай 50 жылға, газ 70 жылға дейін жететінін болжаған. Ал АЭС-ке пайдаланылатын әлемдегі 5 718 400 тонна уран қоры 2500 жылға дейін жетеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия десек, одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бізге бәрібір атом электр станциясын салуға тура келеді. Оның үстіне Қазақстанда уран таблеткалары мен жылу бөлуші элементтер өндірісі жолға қойылғандықтан, отынды өз игілігіне оңай пайдалана алады.

Қазақстан энергияны қайдан алады?

Энергетика министрлігінің дерегінше, 2023 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 115 млрд кВт/сағ (2022 жылы – 112,9 млрд кВт/сағ) болған. Ал электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВт/сағ, көршілес елдерден импорттау көлемі 3,4 млрд кВт/сағ, экспорт 1,4 млрд кВт/сағатты құрапты.

АЭС-тің қажеттілігі жайында сөз қозғап отырып, «қазір еліміз энергияны қандай көздерден алып отыр?» деген сауал туындауы заңды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда электр қуатының 70 пайызы – көмірден, 20 пайызы – газдан, 3 пайызы – жаңартылатын энергия көздерінен, қалған 7 пайызы судан өндіріледі.

Инфографика: Kazinform

 

Анықталған 164 млрд тонна көмір қоры бар ел одан әрі де көмір жағып отыра беруіне болар еді, әйткенмен экология бұзылып бара жатқанын ұмытпаған жөн. Жыл сайын қыс мезгілінде Қазақстанның бірнеше қаласында шамадан тыс ауа ластанып жатады. Бұл факторға көмір түтінінің әсері бары даусыз.

Таңдау кімге түсуі мүмкін?

Атом электр станциясын салу мәселесінде Қазақстан ең озық технологияларды қолдану жағын қарастыруда. Қазір АЭС салуға ең басты 4 үміткер бар, олар: ресейлік «Росатом», қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation), кореялық KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясы, француздың EDF (Électricité de France) компаниясы. Әрқайсысының өзідеріне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар, халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі жеткілікті.

Шынында әлемде атом станцияларына қатысты таңдау көп емес. Түрлі әдіспен жұмыс істейтін бірнеше түрі ғана бар. Мәселен, «Росатомның» салып жүргені – уақыт тезінен өткен «ВВР» реакторы. Ресейліктер кеңес кезінен реактор технологиясын жаңғыртып, «3+» санатына қосып келеді. Жұмысы қарапайым, уран таблеткасы суды қайнатып, соның әсерінен генератор электр өндіреді. Жетілдірудің арқасында қауіпсіздік деңгейі артқаны айтылады. Бұған дейін бұл типтегі реактордан ақау шықпаған.

Фото: Midjourney

 

Ал қытайлықтар ұсынып жүрген реакторлар - Францияның Framatome компаниясы жасаған станциялардың жетілдірілген түрі. Ескі техникамен жұмыс істейді, әйтсе де одан да ақау шығып көрмеген.

Негізі «3+» деңгейіндегі танымал екі реактор бар. Біріншісі, америкалық Westinghouse Electric жасаған ІР 1000 – мың мегаваттық реактор. Тым жақсы саналады, себебі жұмысы физиканың өте қарапайым базалық заңдарына негізделген. Электронды жүйелердің орнына механикалық жүйе қойылған. Егер станцияда қысым көтерілсе, тығындар ашылып, су ағып кетеді, есесіне қысым қалпына келеді. Электр келмей қалса, реактор өздігінен өшеді. Соның арқасында ол қарапайым әрі сенімді реактор қатарында. Жалғыз прототипі Қытайда салынған.

Екіншісі, франциялық технология – EPR. Бұл реактордың ең алғашқылары 2000-жылдардың басынан бастап Финляндияға салынды. Мұнда қауіпсіздік жүйесі электроникаға негізделген. Сондықтан жоғарыда аталған ІР1000-ға қарағанда әлдеқайда қымбат, оның үстіне салу қиын.

Жалпы алғанда нарықта танымал осы 4 түрлі нұсқа бар. Оңтүстік Корея елі ұсынып жатқан станциялар да франциялық реактордың негізінде жасалған ескі технологияның жетілдірілген нұсқасы.

АЭС салу – тиімді нұсқа

«Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-нің жетекші инженері Асуан Сиябековтің ойынша, қазір АЭС тақырыбы өте маңызды мәселеге айналып отыр.

Фото Асуан Сиябеков\ Қазақстадық атом электр станциялары баспасөз қызметінен

 

– Қоғамда «АЭС керек пе, жоқ па?» деген сұрақ өзекті. Біз қазір әр аймақта жария талқылаулар өткізіп, елге атом энергетикасының артықшылықтары туралы түсіндіріп жатырмыз. Елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың 70 пайыздан астамы тозған. Әлем елдері мен Еуропалық одақ жасыл энергетиканы қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайтуды көздеді. Осыны ескерсек, халықты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін АЭС салуға тура келеді әрі бұл тиімді нұсқа, – дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, Қазақстанда АЭС салынар болса, ол экономиканың барлық саласына, ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң әсерін тигізеді. Жоғары технологиялардың жедел дамуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ сарапшы бұл мақсатқа қанша қаржы жұмсалуы мүмкін екенін болжады.

– 2800 МВТ-қа дейінгі екі блоктан тұратын АЭС құрылысының құны шамамен 10-12 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Келешекте техникалық-экономикалық негіздеме кезінде АЭС құрылысына кететін сома нақты есептелетін болады, – деді Асуан Сиябеков.

Ал АЭС салынатын жерге келетін болсақ, ол үшін екі аумақ – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен кенті мен Абай облысы, Курчатов қаласының аумағы қарастырылған. Параметрлер бойынша, АЭС салу мүмкіндігі жағынан екі аудан да іс жүзінде тең саналуда. Алайда Үлкен ауылының бірқатар инфрақұрылымдық артықшылықтары бар екен.

– Балқаш ЖЭС-нің іске асырылмаған жобасының алаңы бар. Бұл алаң ірі энергия объектісін салу үшін белгілі бір дайындықтан өткен. Атап айтқанда, жабдықталған жұмыс кенті салынып, ауыз су дайындаудың өнеркәсіптік қондырғысы орнатылған, алаң тегістеліп, негізгі жабдықтар мен су жинау үшін аяқталмаған іргетасы бар шұңқыр қазылып тұр. Бұл инфрақұрылым АЭС жобасында пайдалануға жарамды. Осы параметрлерді ескеріп, Қазақстанның оңтүстігінде Үлкен ауылы ауданында қуаты 1,4 ГВт-қа дейінгі және жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын екі блокты АЭС салу ұсынылып отыр, – деп толықтырды сарапшы.

Экологиялық жағын ескерсек, АЭС-тың қоршаған ортаға зиян келтірмеуі – ең басты артықшылық. Асуан Сиябековтің сөзінше, бұл көзқарасты Атом қуаты халықаралық агенттігі де зерттеулер арқылы растаған. Алаңды таңдау кезінде АЭС орналасатын потенциалды аудандардың гидрометеорологиялық жағдайы бағаланып, желдің жылдамдығы мен бағыты туралы да деректер зерттеліпті.

– Қауіпсіздік үшін сейсмика және су тұтыну мәселелері мұқият қаралды. АЭС-тың заманауи технологиялары, мысалы, құрғақ градирняларды пайдалану су тұтыну көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, АЭС қоршаған ортаны мұнай, газ, түтін мен күл сияқты заттармен ластамайды. Бұл туралы әлемде көпжылдық тәжірибе бар, – деп түйіндеді сарапшы.

Расымен де Атом электр станциясын қолданатын елдерде реактор маңында балық аулаудан жарыстар ұйымдастырылады. Радиациалық әсердің жоқтығына көз жеткізу үшін жарыс кезінде ауланған балықтарға радиологиялық зерттеулер жасалады.

Не десек те осы жылы Қазақстан АЭС-ке байланысты біржақты көзқарас қалыптастыруы тиіс. Ол жалпыхалықтық референдум нәтижесінде белгілі болады.