18:39, 18 Мамыр 2009
АЭС халық келісімімен ғана салынуы тиіс ? сенатор Ғани Қасымов
АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Атом электр стансысын салу мәселесі көтерілсе ол тек халық келісімімен ғана жасалуы тиіс. Оны сенатор Ғани Қасымов бүгін Алматыда өтіп жатқан «ХХІ – ядросыз ғасыр» деп аталатын халықаралық конференция кезінде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Атом электр стансысын салу ядролық сынақ алаңдарының зардабын шегіп отырған біздің халқымыз үшін өте шетін мәселе. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу мәселесі көтерілетін болса, менің ойымша, оны жұртшылық пікірінсіз тұрғызуға болмайды. Егер АЭС-қа қажеттілік бола қалса, қоғамдық талқылау жүргізу керек», дейді ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғани Қасымов. Патриоттар партиясы АЭС салуды тоқтату туралы 2001 жылы арнайы қарар қабылдаған. Ол әлі өз күшінде. Ғани Есенгелдіұлының айтуынша, АЭС салу жабық тақырып болмауы тиіс. Бұл салада қандай да бір шешім қабылдауда экологиялық, техногендік қауіпсіздіктер мен халық пікірі маңызды қағидаттар болуы керек. Сараптамалық талдаулар жасалып, дайындық пен түсіндіру жұмыстарынан кейін ғана АЭС-ке қажеттілік туындаған кезде ғана салуға болады.