АЭС құрылысы – 20 миллион халықтың сенімі мен аманаты
АСТАНА. KAZINFORM — Атом электр станциясында 2 мыңға жуық адам қызмет етпек. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарлады.
Бұл сала несімен ерекшеленеді? Атом саласындағы қызметкерлер қандай жұмыспен айналысады? Kazinform тілшісі сала маманымен тілдесіп, жұмысымен танысып қайтты.
Асуан Сиябеков атом саласындағы кәсіпорындардың бірінде жетекші инженер болып қызмет етеді. 4 жылға жуық уақыт бойы ғасыр құрылысы – атом электр станциясына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүр. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға үлес қосып жатқан маман бұл салаға бала кезінен қызыққанын айтады.
– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ осы салада ізденіп жүрдім. Кейін ЖОО-да да осы саланы меңгердім. Алдымен ядролық физика саласының бакалавриятын, кейіннен магистратурасын тәмамдадым. Мәскеу облысындағы Біріккен зерттеу институтында ғылыми жұмыс та жаздым. Ең алғаш 2013 жылы Алматыдағы физика-техникалық институтында инженер болып жұмыс істедім. Кейін Өскемендегі ядролық өнім шығаратын мекемеде қызмет атқардым. Содан соң Атом энергетикасын қадағалау жөніндегі агенттікте еңбек етіп, соңғы 3,5 жылдан бері атом электр станциясы жобасының аясында жұмысымды жалғастырып жатырмын, – дейді ол.
Маман атом электр станциясының құрылысында ең маңызды жұмыстарды атқарып жүр.
– Менің негізгі жұмысым АЭС құрылысының негіздемесін әрі қарай сүйемелдеу. Яғни, құрылысқа лайықты алаңды таңдау, оны энергия жүйесіне интеграциялау, жобалау-құжаттама жұмыстары, сейсмикалық, гидрологиялық, радиациялық-ядролық зерттеу жұмыстарын атқарып келемін, – дейді Асуан Сиябеков.
Жетекші инженер атом саласында қызмет ету үшін асқан дәлдік пен темірдей төзім қажет дейді. Себебі АЭС құрылысында ештеңені қалт жібермеу керек. Бұл жауапкершілік – 20 миллион халықтың дәл осы мамандарға артқан үміті.
– Мәселен, алаңның сейсмикалық жағдайын есептеу кезінде әртүрлі есеп-қисаптар жасау керек болады. Бір ғана есептің өзін біз 20 мәрте көрген шығармыз. Оған 1,5–2 айдай уақыт кетті. Оның бәрін дұрыс шығару үшін шыдамдылық пен табандылық керек. АЭС-ті тез құрып, сала саламыз деу қателік. Әртүрлі инженерлік шешімдер арқылы алдымен тәуекелдерді төмендетуіміз керек. Станцияларды салу кезінде ең басты ауыртпалық инженерлерге түседі. Себебі бір нәрседен қателессең, қаншама халықтың үмітін аяққа таптайсың. Бұл құрылысқа қыруар қаржы кетеді ғой. Ал оның бәрі халықтың қазынасы, – дейді кейіпкеріміз.
Қазақстанда салынатын атом электр станциясына су реакторлық қондырғысы қолданылады.
– АЭС-тегі реакторлық қондырғылардың әртүрлі түрі бар. Біз Қазақстандағы станцияға қысымдағы су реакторларын (PWR) таңдадық. Бұл, қателеспесем, алғаш рет 1954 жылы АҚШ-тағы атом электр станциясында қолданылды. Сол жылдан бері мұндай станцияларда апаттық жағдай болмаған. Бұған дейін қайғылы оқиғаларға себеп болған түрлі АЭС-те қолданылған реакторлардың моделі мен буыны мүлде бөлек. Біз ол реакторлық қондырғыларды мүлде қарастырған жоқпыз. Протипі бар, өзге елдерде тәжірибеден өткен қондырғыларды зерттеп жатырмыз. Оның соңғы буыны – 3 және 3+ буынды реакторлық технологиялар. Біз дәл осы реакторлық қондырғылардың технологиясын қарастырдық, – дейді маман.
Инженер бұл шешімнің тиімділігін түсіндірді.
– Қысымдағы су реакторларының жаңа үлгідегі буындары активті және пассивті жүйелермен қамтылған. Бұрынғы реакторларда активті жүйе болғанымен, пассивті жүйе болмайтын. Егер қандай да бір апаттық жағдай болса, мәселен электр желілері істен шығып, тоқпен қамтамасыз ете алмай қалса, пассивті жүйе іске қосылады. Яғни, физиканың гравитация заңына сәйкес, су жоғары көтеріліп, реакторды дәйексіз күйде қызып кетуден сақтап тұра алады. Одан бөлек, реакторлардың қазіргі түрлері сейсмикаға өте төзімді. Демек қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, сыртқа радиациялық заттардың шығу қаупі нөлге тең, – дейді жетекші инженер.
АЭС туралы дақпырт
Қазақстанда атом электр станциялары салынады дегеннен-ақ адамдар түрлі пікір білдіріп жатыр. Десе де көпшіліктің көңілінде қауіп басым.
– Көп адамдар АЭС қоршаған ортаға зиян, ол суды көп тұтынады деп айтып жатыр. Бұл жердегі қауіпсіздік отынның деңгейінен басталады. Яғни жылу бөлгіш құралдардың сыртқа қарай балқып, төмен түсіп кетуінен қорғайтын қорғаныш қабығы бар. Сол үшін ол сыртқа шықпайды. Ал суды көп тұтынады деген әңгімелерге қатысты дәл сондай жылу электр станциялары қазірге дейін жұмыс істеп келе жатыр. Егемендік алғалы бері біз электр энергиясын көбіне жылу қазандықтарынан аламыз. Ол жерде де дәл сол деңгейде су қолданылады. Әдетте АЭС-те шыққан бу алдымен турбиналарға барады. Турбиналардан конденсаторларға барады. Тура сондай турбиналар мен конденсаторлар жылу электр станцияларында да бар. Оларды да дәл солай көлдің, тоғанның, өзеннің суымен суытады. Сол себепті қоршаған ортаға зиян келеді немесе судың қайнап кету дәрежесі жоғары деген сөздер шындыққа жанаспайды. Мысалы, Балқаштың дәл қасында 1936 жылдан бері жылу электр станциясы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр ғой. Қазір 90 жыл уақыт өтті. Балқаш көліндегі судың құрамы өзгерді дегенді естіген жоқпын, – дейді Асуан Сиябеков.
Сарапшылар алғашқы атом электр станциясы салынатын жерде зілзала болу қаупі жоғары екенін жарыса айтқан. Инженер бұл сұраққа да жауап берді.
– Қазір бірінші АЭС құрылысы үшін Алматы облысы, Жамбыл ауданында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерді зерттегенімізде сейсмикалық жағдайы шкала бойынша 6 баллға тең болды. Ал біз қондырғыны жобалау кезінде 7–8 баллға лайықтап жобалаймыз. Бүкіл әлемде 416 реактор болса, олардың көбісі судың жағасында, қалалардың қасында орналасқан. Тіпті жер сілкінісі қаупі шкала бойынша 10 баллға дейін жететін аймақтарда да АЭС-тер жұмыс істеп тұр, – дейді ол.
Қазір атом электр станциясын салу жұмыстары зерттеу кезеңінде. Маман зерттеу 4–5 жылға созылатынын айтты.
– Бұл тез жасалатын жоба емес. АЭС құрылысын толықтай аяқтауға орташа есеппен шамамен 10–12 жыл қажет. Жобалау кезінде ешқандай қателіктер жібермеу керек. Өйткені әрбір инженер, физик, энергетик жоба аяқталғаннан кейін 80 жылға дейін сол станция жұмысына жауап беруі керек. Оны салып қойып, құрылысы аяқталғаннан кейін қатысымыз жоқ дей алмаймыз ғой. Сол үшін алдымен лайықты алаңды таңдау, содан соң нақты АЭС құрылысы салынатын жерді таңдау, онда зерттеу жұмыстарын жүргізу, кесу, бұрғылау, топырақтың құрамын тексеру, пайдалану керек құрылыс материалдарын анықтау жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір біз зерттеу кезеңіндеміз. Ізденістер мен құжаттама жұмыстарына шамамен 4–5 жыл уақыт кетеді. Одан кейін станция құрылысын жүргізу үшін тағы 5 жыл керек, – дейді инженер.
Асуан Сиябеков алғашқы АЭС құрылысына не себепті Үлкен ауылы таңдалғанын түсіндірді.
– Біз алғашқы АЭС құрылысына не үшін Алматы облысы, Жамбыл ауданын таңдадық? Себебі 2030 жылға қарай Оңтүстік аймағында энергия тапшылығы болады. Ал бұл жерден өзге өңірлерге де энергия көзін жөнелту жеңіл. Бір АЭС-ке 1200 мегаватттық 2 реакторлық қондырғы орнатылады. Олардың әрқайсысы шамамен 1,2 млн адамға электр қуатын жеткізе алады. Мысалға алар болсақ, 2 қондырғының қуаты Алматы қаласын толық электр энергиясымен қамтуға жеткілікті, – дейді маман.
Атом саласындағы кадр мәселесі
Болашақта Қазақстанда салынатын бір атом электр станциясында 2 мыңға жуық маман қызмет етпек. Ал құрылыс жұмыстарына 10 мың адам қатысады. Мемлекет басшысы елімізде 1 емес, 3 бірдей АЭС салуды тапсырды. Бұл салада маман тапшылығы болуы мүмкін бе? ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің маманы жауап берді.
– Қазір атом саласында айтарлықтай кадр тапшылығы жоқ. Соңғы жылдары еліміздегі бірқатар университеттерде жаңа мамандықтар ашылды. Ал атом электр станциясында жұмыс істейтін мамандар бөлек дайындалады. Оның құрылысына қатысатын және құрылысы аяқталған соң станцияда жұмыс істейтін адамдарды қазірден бастап дайындап жатырмыз. Сол үшін болашақта да тапшылық болады деп ойламаймын. Болашақта бір АЭС-те 2 мың адам жұмыс істейді. Бірақ оның шамамен 600-ге жуығы ғана ядролық атом саласында жоғары білімі бар мамандар болады. Қалғандары — техникалық қызметкерлер, – дейді Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейітов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Бүгінде еліміздегі атом саласында 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың 25 пайызы жастар.
– Атом саласындағы қызметкерлердің 7 пайызы — зейнет жасындағы білікті мамандар. Қазір Қазақстанда 6 жоғары оқу орны ядролық физика, атом энергиясы, радиациялық материалтану сынды салаларда мамандар дайындайды. Бүгінде бакалавр, магистратура, докторантура сатыларында 900-ге жуық адам дәл осы мамандықтарда білім алып жатыр. Соңғы 5 жылда ядролық физика бойынша 600-ден аса студент диплом алды, – дейді департамент директоры.
Жаңа білім бағдарламасы
Жауапты маман атом электр станциясында жұмыс істейтін қызметкерлер бөлек дайындалатынын атап өтті.
– Бас мердігеріміз – Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің бірқатар талаптары бар. Сол бойынша ең алдымен жаңа ЖОО-да мамандықтар ашамыз. Солай алдағы уақытта салынатын АЭС-те қызмет ететін мамандарды дайындаймыз. Соның арқасында құрылыс аяқталған соң онда толығымен қазақстандық мамандар жұмыс істейді деген үмітіміз бар, – дейді ол.
Агенттік алдағы уақытта оқу бағдарламаларына мамандардың машықтануына арналған жаңа модельдерді енгізуді жоспарлап отыр. Соның арқасында атом саласының мамандары толықтай өз елімізде тәжірибе жинауға мүмкіндік алады.
– Қазақстанда АЭС бұған дейін болмаған. Бірақ бұл еліміз бейбіт атом энергиясымен айналыспады дегенді білдірмейді. Бұл Қазақстанға жаңа келген сала емес. Бұл бағытта 60 жылдан аса тәжірибеміз бар. Ал практикалық жағынан 2 ғылыми институтымыз қызмет етеді. Онда білім алып жатқан студенттер қазір де зерттеу реакторымен жұмыс істеп, тәжірибе жинап жатыр. Біз қазір осы зерттеу институттарына машықтану модельдерін қоюды жоспарлап отырмыз. Сол жұмыстар жүзеге асса, қазақстандық мамандар елімізден шықпай-ақ бастан-аяқ дайындала алады. Бірақ бас мердігердің де талаптарын ұмытпауымыз керек. Алдағы уақытта ортақ мәмілеге келгеннен кейін кадрларды дайындауға қатысты тиімді шешім шығарамыз деген үміттеміз. Мамандарымыз шетелде де тәжірибеден өте алады, – дейді агенттік қызметкері.
Данияр Жансейітов атом саласын жалақысы жоғары мамандыққа айналдыруды жоспарлап отырғандарын айтады.
– Атом саласында қызмет ететін 20 мыңға жуық мамандардың арасында техникалық та, басқару персоналдары да бар. Ал бұл салада жалақы мөлшері үлкен диапазонда. Тіпті орташа есеппен алсақ та еліміздегі орташа жалақыдан көп. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 3 АЭС салынбақ. Оған қазақстандық мамандар қажет болады. Ол мамандарды да өзіміз дайындаймыз. Және бұл саланы еліміздегі жалақысы жоғары салалардың біріне айналдыруды жоспарлап отырмыз, – дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның атом саласын дамытудағы 2050 жылға дейінгі жоспарын жазған едік.