Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы аясында өндірісті оқшаулау жоспары талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бірінші атом электр стансасының құрылысы аясында өндірісті оқшаулау мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен кезекті кеңес өткізді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Фото: Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

Қазіргі уақытта Агенттік АЭС салу жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыруға жүйелі дайындық жүргізіп жатыр.

— Отандық кәсіпорындарды барынша тартуды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Агенттік атом саласы үшін өндірісті оқшаулауды дамыту жөніндегі Кешенді жоспардың жобасын әзірледі. Құжатта нормативтік базаны кезең-кезеңімен қалыптастыру, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктерін талдау, өндірістерді жаңғырту және цифрлық шешімдерді енгізу көзделген, — делінген хабарламада.

Кеңес барысында Кешенді жоспардың жобасы талқыланып, сондай-ақ құжатты ведомствоаралық жұмыс шеңберінде әзірлеу барысында мемлекеттік органдар қалыптастырған тәсілдер мен ұсыныстар қаралды.

Бұған дейін Қазақстан мен Сербия бейбіт атом энергетикасы бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастыратынын жазғанбыз.