АЭС құрылысы бойынша консорциумға ары кеткенде 5 ел кіруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – АЭС құрылысы бойынша консорциумға ары кеткенде 5 ел кіруі мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр айтты.
«Меніңше, бұл консорциумда ары кеткенде 5 ел болады. атом электр стансасы – бұл жай ғана бір нысан емес. Ол құрылымдық бөлімінде түрлі елдер көшбасшы саналатын бірқатар нысаннан тұрады», - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның атап өтуінше, стансаны жобалау барысында түрлі елдердің ең озық технологияларын алу үшін жұмыс жүргізіледі. Соған орай құрылыс барысына түрлі компаниялар, субмердігерлер жұмылдырылады. Әлемде мұндай тәжірибе бар. Өйткені, ядролық аралды бір ел, турбинаны екінші ел салуы мүмкін.
«Сол себепті біз қандай да бір жеткізушіге, мердігерге қадалып қалмай консорциум құруымыз қажет», - деді Роман Скляр.
Айта кетейік, бүгін Орталық референдум комиссиясы 6 қазанда өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады.
Оған сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы немесе 5 561 937 адам Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін қолдады. Ал қарсы дауыс бергендер саны – 2 045 271 адам.