Сот барысында айыпталушы мен марқұмның кәмелет жасына толмаған ортақ баласы бар екені белгілі болды. Сондай-ақ күдіктінің бұрынғы некесінен төрт баласы бар.
Мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржановтың айтуынша, ерлі-зайыпты арасында 2024 жылдан бастап қызғаныштан туындаған сенімсіздік қалыптасқан. Кейін бұл жағдай ушығып, қайғылы оқиғаға әкелген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 16 наурызға қараған түні күдікті қонақ бөлмеде ұйықтап жатқан баласының көзінше күдікті әйелін 11 мәрте пышақпен жарақаттаған.
– Үш мәрте кеуде қуысы мен іш аймағына шаншып-кесілген жарақат салынған. Сонымен қатар мойын, иық, білек және қол тұстарынан жарақат анықталды. Салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды, – деді мемлекеттік айыптаушы.
Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабының 1 бөлігі ( адам өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) бойынша қылмыстық іс-әрекет жасаған. Марқұмның туыстары соттан әділ шешім күтетінін айтты.
– Бұл жағдайды естігенде қатты күйзелдік. Бұған дейін олардың арасында мұндай мәселе барын білмедік. Бауырым 38 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз еді, – деді марқұмның әпкесі Мүслима Елеусінова.
Айыпталушы сотта кінәсін толық мойындап, марқұмның жақындарынан кешірім сұрады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін полиция мен жедел жәрдем қызметін өзі шақырған.
Белгілі болғандай, зейнет жасындағы ер адам оқиғаға дейін күзетші болып жұмыс істеген. Ол істі алқабилердің қарауынан бас тартты.
Бас сот талқылауы 5 маусымға белгіленді.
Айта кетейік, қаза болған 58 жастағы әйел қала мектептерінің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Ұзақ жыл педагогика саласында қызмет атқарып, бір кездері мектеп директорының орынбасары болған.