АЭС құрылысына қатысты референдумда бірінші болып Сеулдегі қазақстандық дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Корея Республикасында жүзеге асырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: ҚР СІМ

Сеулдегі референдумда бірінші қазақстандық болып халықаралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс берді.

«Бұл шешімнің еліміздің болашағы үшін маңызы зор, ал референдум – қоғамның барлық көзқарасын ескеру, шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету мүмкіндігі. Үкімет әркімнің пікірін тыңдауға тырысады және біз, азаматтар үшін бұл үдеріске белсенді қатысу өте маңызды», - деді К.Маутова.

Ол сондай-ақ шетелде тұратын көптеген қазақстандық біздің дипломатиялық өкілдіктердің күш-жігерінің арқасында референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын айтты. 

Фото: ҚР СІМ

«Бұл біздің еліміздің болашағы үшін маңызды шешім қабылдаудың ұжымдық мүмкіндігі және бұл референдум экономикалық даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын», - деді дауыс беруші.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, шетелдегі барлық референдум учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған.

Ең бірінші болып қазақстандықтар Корея мен Жапонияда дауыс беруге мүмкіндігі бар.

Сеулде #390 және Токиода #393 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де дауыс беру үшін бірінші болып ашылды.

Айта кетейік, Қазақстан халқы бүгін АЭС құрылысына қатысты таңдау жасайды.