АЭС құрылысына қатысты референдумға 30 елден байқаушы келеді

АСТАНА. KAZINFORM – АЭС құрылысына қатысты референдумды 30 елдің байқаушысы қадағалайды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман айтты.

Коллаж: Kazinform / Canva

«Биыл 3 қыркүйекте қабылданған қаулы негізінде аккредитация 2024 жылғы 30 қыркүйекте, Астана уақыты бойынша сағат 18.00-де аяқталды. Осылайша, барлығы 177 байқаушы ресми тіркеуден өтті. 30 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымның өкілдері бар. Сыртқы істер министрлігі байқауға 5 ірі халықаралық ұйымға, оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросына, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттерінің ұйымына және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске шақыру жолдады», - деді ол комиссия отырысында. 

Оның атап өтуінше, ЕҚЫҰ тарапынан байқаушы болмайды. Өйткені, ұйымның алдағы айларға жоспарланған сайлауларға байланысты іс-шаралары көп. Сондықтан елімізге миссия жібере алмайды. 

«Қазіргі таңда байқауға қатысатын халықаралық ұйымдардың қатарында ТМД, ШЫҰ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар. Жалпы республикалық референдумға 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады. Олардың ішінде ерекше атап өтетін, 4 орталық сайлау органының төрағалары келеді. Олар: Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазаир Панахов, Беларусь Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Игорь Карпенко, Тәжікстан Орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зийниддин Низамходжаев», - деді Мұхтар Ерман.