«АЭС Өскемен ЖЭО» биыл экологияға 120 миллион теңге бөліп отыр - серіктестіктің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекшісі

None
АЛМАТЫ. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «АЭС Өскемен ЖЭО» ЖШС биыл ауаға таралатын зиянды заттарды азайтуға 120 миллион теңге бөліп отыр.

Бұл жайлы АES Қазақстан компаниялар тобының өткен аптада Өскеменде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз-турында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«АЭС Өскемен ЖЭО» ЖШС қоршаған ортаны қорғауға 2008 жылы 128 миллион теңге, 2009 жылы 150 миллион теңге жұмсады. Биыл 120 миллион теңге бөліп отыр. Қаражат көлемі кәсіпорынның Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің келісімі бойынша жасалған жоспары бойынша жыл сайын өзгеріп тұрады. Мәселен, биыл №8 қазандық арнайы технологиялармен жабдықталады», дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекшісі Марина Стрелцова. Оның айтуынша, бұл жабдықтар ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы қазіргі таңда онда өндірістен шығатын қалдық сулар қаладан 8 шақырым жердегі арнайы қоймаға жиналып, онда тазартылған соң кәсіпорынға қайта пайдалануға жіберілуде. 2004 жылы іске қосылған бұл кешен 30 гектар жерді алып жатыр. Оны салуға кәсіпорын 1,2 миллиард теңге жұмсаған болатын.