АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының құны қанша болмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік АЭС-тен өндірілетін электр энергиясының құны ЖЭО мен ЖЭС-тен алынатын электр энергиясына қарағанда жоғары болатынын мәлім етті.
— Болашақ атом стансасы өндіретін электр энергиясына арналған тариф жобаның түпкілікті құнына, пайдалануға арналған операциялық шығындарға, тартылған заем қаражатының құнына және қаржыландырудың өзге де параметрлеріне тікелей байланысты болады. қазіргі Уақытта бұл бағыттағы есептеулер ведомствоаралық деңгейде жалғасып жатыр. Тариф жұмсалған шығынды өтеу кезеңінде көмірмен жұмыс істейтін қолданыстағы ЖЭО мен ЖЭС электр энергиясына қарағанда жоғары болатыны анық. Өйткені, ол стансалар ондаған жыл бұрын салынды және олардың күрделі шығыстары бүгінде толықтай амортизацияланды, — деді агенттіктен БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Агенттік мәліметінше, жұмсалған шығынды өтеу кезеңі аяқталғаннан кейін АЭС-тен алынатын электр энергиясының құны газ немесе көмірмен жұмыс істейтін стансалардан алынатын электр энергиясы құнымен теңеседі, тіпті одан төмен де болуы мүмкін.
— Атом генерациясы отын нарығындағы құбылмалыққа тәуелді емес және соған орай ұзақмерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. АЭС қызметінің жобалық мерзімі 60 жылдан асады. Тарифтің түпкілікті параметрі барлық есептеу аяқталып, келісім жасалғаннан кейін жарияланады, — деді ведомстводан.
Бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.
Сонымен қатар Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы тағы бір АЭС-ті қытайлық вендер салатынын мәлім етті.