«АЭС-ті 20 жыл бұрын салу керек еді»: Үлкен ауылынан фоторепортаж

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында АЭС салу бойынша жария тыңдауға қатысқан ҚазАқпарат тілшісі жиында не айтылғанын және Үлкен ауылының қазіргі жай-күйін өз көзімен көріп, жағдайын біліп қайтқан еді. Толығырақ тілшіміз дайындаған репортаждан біле аласыздар.

Қазақстанда атом электр стансасын салу – неше жылдан бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Бүгінгі күні бұл мәселе бойынша қоғамның пікірі екіге жарылған. Бірі уранға бай Қазақстанда АЭС салу еліміздің электр энергия тапшылығы мәселесін шешіп, өзге елдің энергия көздеріне тәуелділіктен арылтады әрі ол экологиялық таза, қоршаған орта мен халыққа зиян тигізбейтінін алға тартады. Оның үстіне расымен еліміздің жарқын болашағын ойласақ, АЭС салудың уақыты жеткенін, оны сағызша соза берудің қажеті жоқ екенін айтады. Екінші тарап болса, АЭС елімізге төтенше жағдай қаупін туғызып, экологияға орасан зардап әкелетінін айтып дабыл қағуда.

Сонымен, Алматы облысында АЭС салу бойынша жария тыңдау өтеді деген соң БАҚ өкілдері Үлкенге жетуге асықты. Алматы мен Үлкен ауылының арасы жақын емес, 4-5 сағаттық жер. Жиынға қатысу үшін Алматыдан түнгі үште, республикаға танымал баспасөз, агенттіктер мен сайттардың тілшілері бас қосып, жолға шықтық (ол үшін Алматы облысының әкімдігі арнайы «спринтер» көлігін бөлген екен).

Алматы мен Үлкен ауылының арасы 360 шақырым. Екі арадағы жол сапасын керемет деп айта алмайсыз. Құрылысы бітпеген, асфальт құюға дайындап қойған шұңқыры көп, жалаңаш, тақыр жолмен жүресің. Алматыдан асып, тәтті ұйқыға батып бара жатқан сәтте, әлгі жолға түсесің, одан соң ұйқыңыз шайдай ашылады. Себебі белгілі, дедең қағып, безілдеп бара жатқан көлікте селкілдеп отырсаң қайдағы ұйқы?! «АЭС-тен бұрын жолдың жырын неге бітірмейді» деген ойда қаласың. Осылайша келе жатып, таң атты, күн де шықты, Үлкенге де аман-есен жеттік.

Фото: Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметі