АЭС – тұрақты энергия көзі: Ақтөбеде жария талқылау өтті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. Оған қоғам белсенділері, депутаттар мен жастар қатысып, ғалымдар мен зерттеушілер АЭС-тің жұмыс істеу принципін, бейбіт мақсатта қолдану жолын, тиімдігін түсіндірді.
АЭС құрылысы референдум арқылы шешіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында экономикалық және саяси мәселеге айналған атом энергетикасын дамыту тақырыбын қозғады.
Кейін ғалымдар осы бағытта түрлі зерттеу, талдау жүргізіп, оны халыққа түсіндіріп жүр. Бұл бір күннің емес, ғасырдың шешімі болмақ. Себебі 100 жылға арналған энергия көзін қамтамасыз ететін жобаға қатысты нүкте референдум арқылы қабылданады. Ақтөбедегі жария талқылауда бұл туралы ашық айтылды. Алдымен ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова еліміздегі энергия тапшылығы, қазіргі электр қуатын өндіру станциялары туралы ақпарат берді.
- Қазіргі уақытта Қазақстандағы электр станцияларының 70% астамы көмір станциясы екені белгілі. Олардың тозу деңгейі өте жоғары. 70% жетті десе болады. Ал жыл өткен сайын электр энергиясына сұраныс артып келеді. Сондықтан Үкімет энергия тапшылығының алдын алу үшін жоспар бекітті. Жоспар бойынша 2035 жылға дейін қуаттылығы 26,5 ГВт болатын электр станциясы іске қосылады. Оның ішінде АЭС құрылысы да қарастырылып жатыр. АЭС референдумның оң нәтижесі болған жағдайда ғана салынады. Ал қарастырылып жатқан АЭС қуаттылығы 2800 МВт дейін жетеді. Бұдан басқа қолданыстағы көмір электр станцияларын жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Газ электр станциясын салу жоспары да бар, - деді ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова.
Оның айтуынша, қазір атмосфераға оразан зиян тигізетін көмір станциясын салу жобасына халықаралық ұйымдары қаржы бөлмейді. Сондықтан жасыл энергетикаға жаңартылған энергия көздері де жатады.
- Қазір Қазақстанда көмірқышқыл газы шығындыларының 80% жылу электр орталықтарына тиесілі. Көмір және атом электр станциясын қатар алсақ, шығынды көлемін 7 млн тоннаға дейін азайта аламыз, - деді Гүлмира Мурсалова.
АЭС салатын орын қалай таңдалады?
Елімізде АЭС салатын орынды таңдау, саралау жұмысы жүргізілді. Біріншісі Абай облысы Курчатов қаласындағы аудан, екіншісі Алматы облысы Үлкен ауылы ауданы. Екіншісіне басымдық берілді. Себебі мұнда инженерлік инфрақұрылым бар, сонымен бірге Балқаш жылу электр станциясы да жанында орналасқан.
- АЭХА қорытындысына сәйкес АЭС-ті Балқаш көлінің жанында орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ. Бұған дейін АЭС-тің 13 түрлі жобасы ұсынылған болатын. Олардың төртеуі таңдалды. Бұл барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін және экономикалық көрсеткіштері жақсартылған 3 немесе 3+ буынының реакторлары. Баршамызға белгілі, индустрияны дамыту үшін энергия көзі тұрақты болуы тиіс. АЭС – тұрақты энергетика. Бұл әсіресе өндірісті дамытуға септігін тигізеді, шикізатты өңдеуге жол ашады. Қазақстанда уран қоры мол. Әлемде екінші орында тұр. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ үш жылдан бері ядролық жанар-жағармай шығарып келеді. Екеуі де әзірге шетелге тасымалданып жатыр. Ал біз оны өзіміз пайдалана аламыз,- деді «Қазақстандық Атом электр станциялары» ЖШС-нің бас директоры Тимур Жантикин.
Қауіпсіздік – басты орында
Жария талқылау кезінде қауіпсіздік жайы да сөз болды. «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық Орталығы» РМК «Атом энергиясы институты» филиалының директороның орынбасары Ерболат Қоянбаев әлем елдеріндегі АЭС реакторының даму эвалюциясына тоқталды.
- Алғашқысы 1950-1960 жылдары салынды. Бұл ядролық энергиядан жылу энергиясын, электр энергиясын алуға бағытталған бірінші жоба. ІІ реакторлар 1970-1980 жылдары салынды. Негізінен коммерциялық реакторлар саналады. Дәл осы реакторлар Чернобыль мен Фукусимада қолданылды. Қазіргі уақытта осы буынның реакторлары әлі де жұмыс істеп тұр. ІІІ және ІІІ+ буындағы реакторлар 1990-2020 жыл аралығында салынған, салынып жатқан реакторлар. Соңғысында бұған дейінгі барлық авариялық жағдайлар ескерілген. Төртінші буындағы реакторлары әзірге жоба ғана. Біздің қарап отырғанымыз ІІІ+ буынындағы реактор. 8 балдық жер сілкінісінде, су тасқынында, жылдамдығы
56 м/с дейінгі қатты жел, дауылда да шыдамды деп танылған. Ауыр авария жайына келер болсақ, 10 миллион жыл ішінде бір оқиға болуы мүмкін. Санитарлық-қорғау аймағы АЭС алаңымен шектеледі, - деді Ерболат Қоянбаев.
Ақтөбеліктер өз ойын ортаға салды
Ақтөбедегі жария талқылау кезінде де алдымен қауіпсіздік жайы қозғалды. Сонымен бірге құрылысты жүргізетін компанияны таңдауда ең үздігіне басымдық беру жайы айтылды.
- Машина адам басып кетеді, ұшақ құлап қалады деп қорқа берудің қажеті жоқ. Біз бүкіләлемдік үрдістен қалмауымыз керек. Тұрақты энергия – АЭС. Біріншіден, менің ойымша біз төртінші буынды Атом электр станциясын салуға ұмтылуымыз керек. Екіншіден, ультразаманауи болуы тиіс. Құрылыс жұмысын жүргізетін компания кадрды қайта даярлауы қажет. Ғылым мен өндіріс тоғысып, өндірістегі жұмысқа басымдық берілгені жөн. Маманға сенуіміз керек. Қазақта «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Осыны ұстанайық. АЭС- энергетика тәуілсіздігін қамтамасыз етеді. Неге біз біреуден сатып алуымыз керек, неге біз сатпаймыз? Дұрыс әрі сын көзбен қарап, мамандар ақпаратты жан-жақты таратса дейміз, - дейді физика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүнкеев.
Кездесуде АЭС салу жобасы туралы жұртшылықты одан әрі ақпараттандыру, жария талқылауға адамдарды тарту жайы сөз болды.