Аталмыш кинофестиваль 2010 жылдың желтоқсан айының 2-4 аралығында Киев қаласында өткен.
«Алтын Георгий» кинофестивалінің қазылар алқасының төрағасы, Украинаның Халық әртісі Григорий Кохан фестивальде фильмді «заманауи әрі классикалық кеңестік фильмдерінің бір арнаға тоғысуы» деп бағалаған.
«Ең үздік ерекше сценарий» аталымы бойынша Бас жүлде мен атаулы диплом «Афалинаның секірісі» фильмінің сценарий авторы Әділбек Жақсыбековке бұйырған. Ол «фильмнің басты мақсаттарының бірі - құқық қорғау органдарының имиджін көтеріп, беделін асқақтату болды»,- деп атап өтті.
Еске сала кетсек, 2010 жылдың сәуір айында «Афалинаның секірісі» фильмі Мәскеуде өткен детективті фильмдерінің DetectiveFest XII Халықаралық кинофестивалінің («Заң және қоғам») «Үздік детективті көркем фильм» номинациясының Бас жүлдесіне ие болған еді.
«Алтын Георгий» Халықаралық кинофестивалі - Халықаралық полиция қауымдастығының украиндық секциясының және Халықаралық «Алтын Георгий» продюсерлік орталығының бірлескен жобасы. Байқаудың бағдарламалық бағыты - қоғамның құқық қорғау мекемелерімен қарым-қатынасы және халық алдында құқық қорғау мекеме қызметкерлерінің жағымды бейнесін кино және телерадиохабарлар арқылы қалыптастыру болып табылады.