09:34, 21 Мамыр 2009
Афиныда ЕҚЫҰ-ның Экономика-экологиялық форумы өтті
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат – Афиныда мамырдың 18-20-сында Грекияның төрағалығымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 17-ші Экономика-экологиялық форумы өтті.
Форумға жиналған саясаткерлер, жетекші сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері көші-қон үдерістерін басқару, аймақтардағы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайлардың үдеріске әсер етулері мен миграцияның ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсерін талқылады, деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметінен. Форум жұмысына ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ? Грекияның сыртқы істер министрі Дора Бакойянни, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш, өзі басқарып отырған ұйым мен Қазақстан Республикасының арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды мазмұнын атап көрсетіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде, 2010 жылы өтетін және қауіпсіздік мәселесіне байланыстырылып, көлік-транзит мәселесіне арналатын келесі Форумның тақырыбына қолдау білдірді. Форум сессияларының бірінде Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова баяндама жасап, еңбек миграциясын реттеу жөніндегі біздің елімізде атқарылып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.