Афиныда Қазақстан-Грекия қатынастарының 20 жылдығына арналған концерт өтті

None
АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 12 қазанда Афиныда Қазақстан Республикасы мен Грек Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына орай

еліміздің дипломатиялық өкілдігі салтанатты концерт ұйымдастырып, онда Қазақстанның тәжірибелі музыкалық ұжымдарының бірі - «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Шақырылған қонақтардың алдында Грекия Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық экономикалық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бас хатшысы П.Михалос және Елші С.Нұртаев құттықтау сөз сөйледі. Дипломаттар өз сөздерінде саясат, экономика және мәдениет салаларындағы 20 жылдық ынтымақтастықтың негізгі нәтижелерін атап өтті. Сондай-ақ тараптар әртүрлі саладағы екі жақты қатынастарды одан әрі ұлғайту және нығайту үшін едәуір әлеуеттің бар екеніне аса назар аударды.

«Сазген Сазы» ансамблі қазақстандық және шетелдік, оның ішінде грек композиторларының шығармаларын орындап, Грекия Парламентінің депутаттарынан, Үкімет, министрліктер мен ведомстволардың өкілдерінен, муниципалитеттердің басшыларынан, дипломатиялық корпус мүшелерінен, мәдениет және ғылым қайраткерлерінен, журналистер, іскер топтар өкілдері мен Грекиядағы бұрынғы отандастарымыздан тұратын аудиторияның ду қошеметіне бөленді.

Концерттен кейін болған қабылдау барысында қонақтардың назарына Қазақстанның табиғаты мен сәулетін бейнелейтін фотокөрме және қазақстан-грек қатынастарының 20-жылдық тарихындағы негізгі даталарына арналған тақырыптық стенд ұсынылды.