Африка ұлттар кубогы: Тунис құрамасы Намибияға есе жіберді

Фото: Фото: www.cafonline.com/caf-africa-cup-of-nations

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Африка ұлттар кубогының төртінші ойын күнінде Намибия құрамасы Тунистен басым түсіп, сенсациялық жеңісіне қол жеткізді. 

16 қаңтарда Е тобында Тунис пен Намибия кездесуінде басты фаворит ретінде тунистік футболшылар айтылған еді. Дегенмен ойын барысында соғылған жалғыз гол намибиялықтар еншісіне жазылды.

Ойынның 88-минутында Деон Хотто мергендік танытып, Намибияға жеңіс сыйлады.

Осылайша олар Тунисті 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Аталған топта бүгін Оңтүстік Африка мен Мали жасыл алаңға шығады.

Дәл осындай есеппен D тобында Буркино-Фасо құрамасы Мавританияны жеңді.

Бұл топта 15 қаңтарда Алжир мен Ангола 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Камерун құрамасы Гвинеямен тең түсті.