Африка жағалауында бұрғылау қондырғысы суға батып кетті: бес адам жоғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Borr Drilling компаниясының Рrospector 5 бұрғылау қондырғысы Габон жағалауында суға батып кетті. Борттағы 115 адамның бесеуі хабар-ошарсыз.

Фото: ua.news

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жұмыс кезінде жерасты жарылысы болып, бұрғылау қондырғысы тұрақтылығын жоғалтып, кейіннен батып кеткен.

5-ші Prospector Бермуд аралдарында тіркелген теңіз бұрғылау компаниясы Borr Drilling-ке тиесілі. Құрылғы Габон жағалауында BW Energy компаниясының бұрғылау жұмыстары үшін пайдаланылған.

Borr Drilling компаниясының бас директоры Бруно Моранд компания жоғалғандар мен оқиғада жарақат алғандардың тағдырына алаңдап отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, компанияның қазіргі басты мақсаты -  іздеу-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және барлық қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

BW Energy компаниясы Borr Drilling, Габон билігі және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесіп іздеу-құтқару операциясын жүргізіп жатқанын хабарлады. Габон президенті Брис Олиги Нгема жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеп, әскери-теңіз күштерін қоса алғанда, барлық қажетті мемлекеттік ресурстарды жіберуді бұйырды.

Елдің Мұнай және газ министрлігі оқиғаның себебін және ықтимал жауапкершілікті анықтау үшін тергеу бастады.

Белгіленген рәсімдерге сәйкес, BW Energy компаниясы MaBoMo өндірістік платформасындағы өндірісті де тоқтатты. Компанияның мәліметінше, оның нысандарына зақым келгені немесе теңізге қауіпті заттардың шығарылғаны туралы ешқандай хабарлама түскен жоқ.

Қарақалпақстандағы «Мойнақ» кен орнын бұрғылау кезінде газ атқылағанын жазған едік.