Африкадағы оқиғаларға байланысты мұнай бағасы қымбаттай түсті

АСТАНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат - 27 қаңтардағы сауданың қорытындысы бойынша Нью-Йорк биржасында «қара алтынның» ресми бағасы 3,70 долларға қымбаттап, 89,34 доллар/баррельге жетті.

Бұл туралы РБК агенттігі хабарлады.

Ал Лондон биржасында Brent мұнайының бағасы 2,03 долларға көтеріліп, 99,42 доллар/баррелді шамалады.

Мысыр, Тунис және Иордания елдеріндегі халық толқулары Таяу Шығыстың мұнайлы елдеріне ауысуы ықтималдығына, соның салдарынан мұнай өндірісінің құлдырау мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылықтар мұнай бағасының күрт өсуіне себеп болып отыр.

Өңірдегі басылмай отырған тұрақсыздыққа АҚШ-тың энергетика министрлігі де өз алаңдаушылығын білдіріп отыр.