Африканың оңтүстігінде мыңдаған тұрғын көтеріліске шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Африканың оңтүстігінде мыңдаған тұрғын көтеріліске шықты. Әйелдерді қатыгездікпен зорлаған соң, ашуға булыққан мыңдаған тұрғын көтеріліске шықты. Олар Үкіметтің нәзік жандылар құқығын қорғай алмағанына наразы, деп хабарлайды The Guardian.

Оңтүстік Африка қоғамдық бірлестігінің барлық әйел өкілдері Кейптаундағы парламентке қарай шеруге шықты. Олар тамыз айында зорлық-зомбылықтан қаза тапқан әйелдерді еске алып, қара түсті киім киюге мәжбүр болды. Шеру бірнеше күнге созылып, басылар емес.

Ресми мәлімет бойынша, Оңтүстік Африкада күніне кемінде 137 зорлық әрекеті тіркеледі. Әрине, оның басым көпшілігі нәзік жандылардың намысын аяққа таптауға қатысты. Әйелдер ісі жөніндегі министр Нкоана-Машабане тамыз айында 30 әйел өз күйеуінің құрбаны болып, қаза тапқанын айтты.

Мыңдаған көтерілісші әйелді жергілікті танымал жандар да қолдады. Олар президент Сирил Рамафостан зорлық-зомбылықтың жазасын күшейтуді, әйелдерді қорғауды сұрауда.

Еске сала кетейік, Оңтүстік Африкада тамыз айында әйелдерге қатысты бірнеше зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелді. 26 жасар аяғы ауыр Саадика Ньюман 8 жерінен оқ тиіп көз жұмған жерінен табылды. Одан кейін Денуша Витбуи өз көлігінде, ал Меган Кремер шахтада зорланып, қайтыс болған. 6 жасар Наталья Пиенаардың басына белгісіз біреулер оқ атқан. Линетт Вольшенк есімді қызды өз пәтерінде көршісі зорлап өлтірген. Бокстан ел чемпионы Лейгандр Джегельсті полиция қызметкері, өзінің досы атып тастаған. 19 жасар студент Уинене Мрветян 24 тамызда поштадан жолдама алуға барып, жоғалып кеткен. Бірнеше күннен кейін денесі табылды. Оны пошта қызметкерлері зорлап, ұрып өлтіргендерін мойындады.