Ағаш отырғызу арқылы да жемқорлықтың алдын алуға болады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті ағаш отырғызу шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акция «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде өтті. Ағаш отырғызу үшін аталмыш департамент қызметкерлері Абылай хан даңғылы мен Сүлейменов көшелері қиылысында орналасқан саябақты таңдады.

Қолайлы экологиялық климат құру арқылы парасаттылықты тәрбиелеу туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев өз пікірімен бөлісті

«Экологиялық мәдениетті насихаттай отыра, біз азаматтардың бойында парасаттылықты қалыптастыруға зор мән береміз. Бұл акция өңірімізді абаттандыруға, игіліктендіруге ғана емес, сонымен қатар жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге және олардың болашақ үшін жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған. Бүгін біздің тағы бір мәрте олар үшін жағымды мысал болғанымыз қуантады» - дейді Мұрат Төлеубаев.

«Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Самира Тайтенованың айтуынша, ағаштар суыққа төзімді, сондықтан тез өсіп кететініне күмән жоқ. Аталған акцияның біржолғы шара емес екендігін атап өткен жөн. Департамент қызметкерлері Көкшетау қаласы әкімдігінің қызметкерлерімен бірлесіп экологиялық акциялар мен сенбіліктерге жиі қатысып келеді.