Ағаш жапырағы шұрық тесік: Ақтөбе қаласында биыл жәндіктерді уламады

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында ағаштар шұрық тесік күйге түскен. Биыл облыс орталығында мүлде улау жұмысы жүргізілмеді.

Ақтөбе қаласы көшелеріндегі ағаштардың жапырағын құрт жеп кеткен. Шұрық тесік болған жапырақтар сарғайып, түсе бастады.

Бүгінде Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандарындағы әкімдіктер мемлекеттік конкурс өткенімен қатысушылар бір-біріне шағым түсіріп, уақыт оздырып алған.

Салдарынан ағаштар жарамсыз күйге түсті. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Әлі күнге дейін мемлекеттік сатып алу конкурс жүріп жатыр. Екінші рет конкурс өтті. Біріншісі мамыр айында өтіп, конкурсқа қатысушылар бір-біріне шағым түсірді. Екінші рет маусым айында өтіп еді. Соның мерзімінің аяқталғанын күтіп отырмыз. Талап бойынша осы уақыт аралығында ешқандай шағым болмауы тиіс. Егер жеңімпаз нақтыланса, улау жұмысын жасағымыз да келеді. Себебі ағаш жапырақтарын құрт жеп тастап жатыр. Жаңбырдан кейін сарғайып та кетті. Биыл мүлде улау жүрмеді. Тек маса мен қоқыс алаңдарында тышқан мен егеуқұйрыққа қарсы улау жұмысы атқарылды, — деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мирас Әжібаев.

Оның айтуынша, тамыз айының басында бұл жұмысты бастауға болады. Келер жылы жапырақ кеміргіш құрттардан келер зиян азаяды.

Ал тамыз айының соңында нақтыланса, ол тиімді болмайды. Астана ауданы бойынша 40 млн теңге ұсынылды.

Әзірге жеңімпаздың бұл жұмысқа қанша қаржы жұмсайтыны белгісіз. Сонымен бірге Алматы ауданы бойынша да улау жұмысы жүргізілмеді. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Биыл ағаш жапырақтарын улау жұмысы атқарылмады. Қаңтардан бастап бүгінге дейін конкурс өтіп жатыр. Қайта конкурс жариялап қойдық. Өзім жүрген сайын жапырақтарды талап кетпесе екен деп қарап қоямын. Негізі маса, кеміргіш жәндіктен зарарсыздандыру, дератизация жасалды. Тек ағаш жапырағына үш рет конкурс өткізіп, төртіншісі қайта жарияланды. Енді оның тиімділігі болмас деп отырмын. Біріншісінде қатысушы болмады, екіншісінде бір-біріне шағым түсірді. Ауа райы да қарасып, жаз қатты ыстық болмады, — деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев.

Алматы ауданы бойынша 45 млн теңге қарастырылған.