Ағашқа да, аң-құсқа да бай: Катонқарағай ұлттық паркінде туризм қалай дамып келеді

Фото: Катонқарағай ұлттық табиғи паркі өкілдерінен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Катонқарағай ұлттық мемлекеттік табиғи паркі – Қазақстандағы ең ірі, ерекше қорғалатын табиғи парк. Оның жалпы ауданы 643 мың гектардан асады, ал аумағы түрлі флора мен фаунаға бай, Қызыл кітапқа енген аң-құс пен саналуан өсімдік те кездеседі. Таяуда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен ішкі және сыртқы туристік ағынның артуына ықпал ететін жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршруты ашылған болатын. Осы мақалада сол жолдың ерекшеліктері жайлы тарқатпақпыз.

Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризмге деген қызығушылық арта түсті. Оның ішінде әсіресе ұлттық саябақтарға баруға құлшынатындар көп. Бұның экологиялық туризмді дамытуға зор септігін тигізетіні сөзсіз. Ел аумағында барлығы 14 ұлттық саябақ орналасқан. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша соңғы бір жылда ұлттық саябақтарға екі миллионға жуық турист келген. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2001 жылы құрылған. Мұнда Көккөл сарқырамасы, «Рахман қайнарлары» жылу көздері, Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы және әсем табиғат аумағында шоғырланған басқа да көптеген көрікті жер бар. Құстардың 300-дей түрі, өсімдіктердің мың түрі, сүтқоректілердің 68 түрі, балықтың 17 түрі, омыртқасыздардың 10 мыңнан астам түрі мекендейді.

«Жыл сайын ұлттық паркке келетін туристер легі толастамайды. Өткен жылы бізге 7 мыңнан астам турист табан тіресе, биыл келушілердің саны одан сайын арта түсті. Жалпы, парктің туристік маусымы қысқа, негізгі ағын шілденің екінші онкүндігінен тамыз айына дейін жүреді», - дейді Катонқарағай ұлттық паркі директорының орынбасары Раушан Қырықбаева.

Табиғи парк төрт мемлекеттің, атап айтқанда Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытайдың түйіскен жерінде орналасқан.

Жедел басқаруға ыңғайлы болу үшін парк аумағы бес филиалға бөлінген. Олардың әрқайсысында екі орман шаруашылығынан бар. Алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді орындайтын алты бөлім құрылған. Бөлімдерде барлығы 354 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға байланысты 120-ға жуық штаттан тыс жұмысшы тартылады.

Катонқарағай паркі 2017 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфералық резерват ретінде енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын 10 туристік маршрут пен төрт соқпақ бар.

«Орман жолдары» – парктегі 10 маршруттың бірі. Оның ұзындығы 20 шақырымнан асады және оны еңсеру үшін жаяу және атпен бір-екі күн жүру қажет. Мұнда ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпарат жазылған кіреберіс, арт-нысандар, навигациялық белгілер және ақпараттық стендтер орнатылған. Олардың барлығы жергілікті табиғи ландшафтқа және маршруттың семантикалық концепциясына мүмкіндігінше сәйкес келетін экоматериалдардан жасалған.


«Жаңа «Орман жолдары» бағытының ашылуы Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия үшін маңызға иә. Жоба биоәртүрлілікті ілгерілетуге бағытталған. Соңғы жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 11 ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды игеруге және ашуға атсалысты. Әрине, біздің жұмысымыздың ең маңызды бағыты – экожүйе мен биоәртүрліліктің осы аумақта тұратын адамдармен үйлесімді дамуы үшін жағдай жасау», - дейді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Өз сөзінде ол не себепті дәл осы «Орман жолдары» бағытының жасалғанын айтып берді.

«Катонқарағайда туристер арасында кең танымал бірнеше бағыт бар. Атап айтқанда, австриялықтар салған жол, Рахман қайнарларына апарар жол және Мұзтау шыңына жеткізетін жол. Ал «Орман жолдары» бағыты бұрын-соңды еш пайдаланылмаған екен. Біз бұл жерде жаппай туризмді емес, туристерге ұлттық парктің барлық бұрышын аралай алатындай инфрақұрылым жасағымыз келеді. «Орман жолдарының» табиғаты ерекше, жапырағы жайқалған жасыл желекті орманға бай. Қалың қарағай арасында жүріп, керемет күйге бөленесің», - дейді С. Ходжиматов.


Бұл бағытты абаттандыру жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталды. Алдымен төменгі нүктелер, содан кейін жоғарғы нүктелер жасалды. Мамандар негізінен орманға баса назар аударды. Орман өз тарихы, ережелері мен болмыс философиясы бар көп қырлы тірі механизм ретінде ұсынылған.

«Ұлттық саябақтарда туристік маршруттарды дамыту бойынша пилоттық жобаны бастамас бұрын біз халықаралық тәжірибені зерттедік. Канада, Норвегия, Швейцария, Ресей, Қытай елдерінің тәжірибесі зерделеп, онда соқпақтардың қалай салынып жатқанын қарадық. Қазақстанның тәжірибесімен танысып, мұнда маршрутқа жалпы талаптардың жоқтығын анықтадық. Барлығын ұлттық парктер өз күшімен жасайды екен. Сондықтан біз табиғаттың тыныс-тіршілігіне минималды түрде ғана араласатындай жоба әзірледік. Яғни, табиғат басты ландшафт пен объект болып табылатын мимика принципін қолдандық», - дейді БҰҰДБ сарапшысы Ақмарал Ағажаева.

Бұл бағыт бойынша жүреміз деген туристер кейбір қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек. Олар рұқсат етілген жерлерде ғана от жаға алады және орманға еш залал тигізбеуі тиіс.

«Біз бұл бағыт арқылы орманның құр ағаштан ғана тұрмайтынын көрсеткіміз келді. Оның өз тарихы, өз сипаты, өз философиясы бар. Орман сондай күрделі, жанды, көп қырлы организм. Тіпті бір құмырсқаны алып тастасаңыз, бүкіл экожүйе бұзылады», - дейді А.Ағажаева.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасы көп жылдар бойы Қазақстанға экологиялық туризмді дамытуда қолдау көрсетіп келеді. Табиғи аймақтардағы туристік маршруттар мен соқпақтарды жақсарту саяхатшылардың қауіпсіздігін арттырады және рекреациялық жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Жанболат Тыныбеков жаңартылған бағыт демалушыларды қызықтыратын жаңа орынға айналады деп есептейді. Өйткені мұнда бірнеше санаторий мен пантоемхана бар. Алтай тауының оңтүстік бөлігінде орналасқан жол Бүркітауыл тауына апарады. Оның айтуынша, бүгінде ұлттық парктегі маршруттар 80-90 пайызға жабдықталған.


Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан туризмді дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді.

«Соңғы уақытта ауданда ішкі туризм қарқынды дамып келеді. Өткен жылы ауданымызға 100 мыңнан астам адам келсе, биыл олардың саны 150 мыңнан асады деп отырмыз. Осы жылы Үлкен Нарын ауылында туристік ақпарат орталығы ашылды. Жаздың аяғына дейін көпсалалы туристік сауда кешенін ашу жоспарланған. Туристер арасында ең танымал бағыттардың бірі – Катонқарағай ұлттық паркі екендігі сөзсіз. Қазақстандағы ең үлкен саябақта 14 маршрут бар, олардың әрқайсысы ерекше. БҰҰ Даму бағдарламасына біздің саябаққа көптеген жылдар бойы көмектескені үшін алғыс айтқым келеді», - дейді әкім.

Катонқарағай ұлттық паркінің экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Самат Елемесовтің айтуынша, былтыр мұнда ТМД елдерінен 116 және алыс-жақын шетелден 34 турист келген.


«Біздің басты міндет – табиғатты, ұлттық парктің әсемдігін сақтау. Туристердің санын көбейтуді емес, рекреациялық жүктемені реттеуді мақсат етіп отырмыз. Парктегі 14 бағыттың әрқайсысында рекреациялық жүктеме бар. Ай сайын біз онда баратын туристерді теңестіреміз, сегментация жүргіземіз және бәрін есепке аламыз. Демалушыларға әркез қоқыс тастамай, табиғатымызды аялаңыздар деп ескертеміз», - дейді ол.

Парк аумағында өрт те шығып тұрады. Биыл жазда 2 рет өрт болған екен. Абырой болғанда, тілсіз жау жылдам ауыздықталған.

Жалпы Шығыс Қазақстан еліміздегі орманды аймақтардың бірі. Облыстың орман қорының ауданы 2,9 миллион гектарды құрайды.