Ағаштың жаппай құлауы Медеудің экожүйесін бұзды - А.Рахымбетов

АЛМАТЫ. 3 қазан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Медеу шатқалындағы ағаштың боран салдарынан жаппай құлауы оның экожүйесін бұзды. Тікбеткейлер құлап, қыста қар көшкіні болу қаупі де артып отыр. Бұл туралы Алматы әкімдігінде өткен «Көктемде болған боранның Медеудің экожүйесіне әсері» атты «дөңгелек үстел» барысында қалалық тариғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Алтай Рахымбетов айтты.

«Тау беткейлері қарды ұстайтын табиғи қабілетінен айырылды. Енді қазір қыс кезіндегі қауіпсіздік мәселесі туындап отыр. Тауда қар қазірдің өзінде түсіп үлгерді, қауіпті жағдай қалыптасып отыр», - деп атап өтті ол. Ол сондай-ақ өз сөзінде Медеу паркі аумағында 10 мың ағаш құлап, қалада 37 ғимарат пен тұрғын үйдің шатыры, жарық беруші 67 бағанның бүлінгенін атап өтті. Боран салдарын жою үшін жергілікті бюджеттен 617 млн. теңге бөлінген. Алматының 8 ұйымы Медеу шатқалын тазалауға тартылып, бұнда күніне 100 адам, 95 техника жұмыс істеген. «Қала аумағы толықтай тазаланды»,- деді басқарма бастығы.

А. Рахымбетовтың айтуынша, Іле-Алатауы паркінде 96 мың текше метрлік 480 га. жасыл аумақ бүлінген. Бұл аумақта тазалау жалғасуда. Қазірге дейін 15 мың текше метр ағаш дайындалған. «Бұл өте баяу. Сонымен қатар жұмыс барысында «Медеу-Шымбұлақ» жолы бойындағы қабырғалар мен жол қатпарлары бүлінген. Бұл аумақ міндетті түрде тазалануы тиіс. Бірақ жол қабатын бұзбайтындай технология қолдану керек»,- деді ол.