Жылыой аудандық сотында бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айыпталған Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігіндегі 7-тармақпен айып тағылған.
Оқиға былтырғы 25 қыркүйекте түнгі сағат 02:00 шамасында Жылыой ауданында болған.
«Өзара ішімдік ішкен Е. мен жәбірленушінің арасында келіспуешілік туындап, соңы төбелеске ұласқан. Жанжалға себепкер болған Е. оқиға орнынан кетіп қалған. Ал, оның інісі Б. түнгі сағат 02:45-те жәбірленушіге телефон шалып, кездесуге шақырған. Сотталушы Б. өзімен біргеаңшылық қаруын ала шыққан. Сағат 03:15-те қоғамдық орынға келіп, өзге адамдардың көзінше жәбірленушіге оқ атқан. Жәбірленуші сол жақ санынан ауыр дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген», -деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да іс құжаттарымен дәлелденген.
Прокурор сотталушыға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал, жәбірленуші талабын жоқтығын мәлімдеген. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындаған.
«Сот жаза тағайындау барысында Б.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін ішінара мойындауын, отбасылық жағдайын, бұрын сотты болмағанын ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен Б. кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», -деп мәлім етті аудандық соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда алқабилер 21 адамға қатысты қылмыстық іске шешім шығарғанын жазған едік.