Ағайынды шахматшылар Азия чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Ағайынды шахматшылар Алдияр мен Әлімжан Жауынбай Сингапурда өткен 24-ші ASEAN+ Age-Group Chess халықаралық турнирінде Қазақстан қоржынына төрт медаль салды.

Видеодан алынған кадр

20 жасқа дейінгі санатта сынға түскен Алдияр рапид пен блицтен екі алтын медаль жеңіп алды. Рапидте 5,5, ал блицте 7 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Классикалық шахматта 6,5 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.

12 жасқа дейінгі санатта өнер көрсеткен Әлімжан блицтен 8 ұпаймен алтын медаль иеленді. Классикалық шахматта 7 ұпай жинап, күміс жүлдеге қол жеткізді.

Видеодан алынған кадр

Бұл туралы Алдияр және Әлімжан Жауынбай Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Ағайынды шахматшылар Алдияр мен Әлімжан Жауынбай Сингапурда өткен халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алуды мақсат еткен. Жарысқа дейін күн сайын дайындалған.

Видеодан алынған скрин

— Сингапурда бәрі жақсы өтті. Біз үш алтын медаль жеңіп алдық. Маған жарыс та, ел де ұнады. Вьетнамдық шахматшылар мықты қарсылас болды. Олар өте жылдам ойнайды әрі жарысқа қатысушылар саны да көп болды, — деді Әлімжан Жауынбай.

Алдияр 14 жаста болғанына қарамастан, 20 жасқа дейінгі шахматшылар санатында бақ сынаған. Оның айтуынша, қарсыластарының басым бөлігі өзінен үлкен болған.

— Қарсыластарымның көбі менен үлкен болды. Әр ойыншы мен үшін өзінше мықты қарсылас еді. Турнир алдында олардың ойын стилі мен таңдаған дебюттерін зерттеймін. Шахматта алғашқы жүрістің өзі маңызды. Қарсыластың стилін алдын ала білу ойын барысында көмектеседі, — деді Алдияр.

Ағайынды шахматшылар жарыс кезінде бір-біріне қолдау көрсетіп, партияларды бірге талдайды екен.

Видеодан алынған кадр

— Партия алдында бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. «Нәтижеге алаңдама, ойынға көңіл бөл» деп жігерлендіреміз. Партияларды бірге қарап, талдаймыз. Кейде ойын барысында бір-бірімізге кеңес береміз. Мысалы, інім дебютте қате жүріс жасаса, мен байқап, қалай ойнауға болатынын айтып беремін, — деді Алдияр.

Ағайындылардың шахматқа деген қызығушылықтары 2020 жылы карантин кезінде басталған.

— Бізге шахматты әкеміз үйретті. Алғашында үйде ермек үшін ойнайтынбыз. Кейін турнирлерге қатыса бастадық. Шахмат ұнап, разряд алып, жарыстарға тұрақты түрде қатыстық. Кейін Астанадағы Орталық шахмат клубына бардық, — деді Әлімжан.

Алдиярдың айтуынша, оның басты мақсаты — 14 жасқа дейін гроссмейстер атану. Ол үшін көп дайындалып, өз партияларындағы қателерін талдап, шахмат есептерін көбірек шығаруға тырысады.

— Ол үшін көп жаттығу керек. Партияларымды талдап, қателерімді түзетуге және шахмат есептерін көп шығаруға тырысамын. Турнирлерге жиі қатысып, тәжірибе жинау да маңызды, — деді ол.

Видеодан алынған кадр

Ал Әлімжанның айтуынша, шахматта психологиялық дайындық та маңызды.

— Кейде қарсыласың әдейі алаңдатуға тырысуы мүмкін. Ондай кезде эмоцияға берілмей, тек тақтадағы ойынға назар аудару керек. Шахматта қарсыласты психологиялық тұрғыда емес, тақта үстінде жеңу маңызды, — деді ол.

Қазір ағайындылар күн сайын шахмат клубында шамамен екі жарым сағат жаттығады. Кешке онлайн шахмат ойнап, бос уақытында шахмат есептерін шешеді. Сонымен қатар достарымен футбол ойнап, туыстарына қонаққа барып тұрады.

Шахмат біз үшін тек спорт емес, күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды, — деді ағайындылар.

Айта кетейік, сегіз жастағы қазақстандық шахматшы Ашхабадтағы турнирде чемпион атанды