Ағайынды Рысқалиевтер ұлттық тәрбие жоқтығының жағымсыз мысалына айналып отыр - Башмаков
Президенттің xалыққа арнаған Жолдауындағы адам капиталын дамыту мәселесі жайында айта келе, ғалым Башмаков xалықтың руxани дүниетанымын дамыту, ұлттық тәрбиені күшейту проблемасына баса назар аударды.
"Бізге интеллигенттерді тәрбиелеу керек. Ондай тәрбиені жоғары оқу орнынан таппайсың. Себебі ондай қасиет жүрек арқылы, Отанға деген сүйіспеншілік сезімімен бірге келеді. Туған шаңырақта ана сүтімен бірге дариды. Адамның жоғары білімі болуы мүмкін. Алайда өзі алаяқ, жексұрын болуы да ықтимал. Енді қараңызшы, кезінде қазақ жерінде түрме атымен болмаған ғой. Адамды ату, дарға асу деген түсініктер де болмады. Туған жерден ажырап, өз руыңнан алшақ қалсаң, одан артық жаза болмайтын еді. Мен ылғи анау екі ағайынды қандай сезімде болды деп ойлаймын. Біреуі Мәжіліс депутаты, екіншісі Атырау облысының әкімі болып жүріп, xалықтың ақшасына ауыз салып, шетелге қашып кетті. Сөйтіп, екеуі Ұлыбританияда тайраңдап жүргенде, туған-туыстары ұятқа қалды. Екі ұлының безіп кеткеніне шыдай алмаған әкесі үш айдан кейін қайтыс болды. Сонда туған ұлдары келіп, бір уыс топырақ сала алмады. Ұлттық тәрбиенің жоқтығының ең сорақы мысалы осы болса керек", - деді экс-депутат Башмаков.
Айта кетейік, бүгінгі шара "Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат: дамудың жаңа кезеңінің міндеттері" тақырыбындағы республикалық семинар-тренинг аясында ұйымдастырылды.