Ал біз болсақ, осы саладағы құқық бұзушылықтардың заң жүзінде алдын алуды қамтамасыз етіп, тұтынушылар құқықтарын қорғау жұмысына барынша қолдау көрсететін боламыз. Бүгін Астанада тұтынушылар құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев осылай айтты.
Оның хабарлауынша, бүгінде Қазақстанда тұтынушылардың 100-ден астам қоғамдық ұйымдары тіркелген. Бірақ олардың көбісі қызмет етіп жатқан жоқ. «Қазіргі кезде біз, көп жағдайда, Қазақстанның тұтынушылар лигасымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Бұл ұйым өзінің өміршеңдігін көрсетті. Сондықтан біз алдағы ортақ жұмысымызды осы лига аясында атқаруымыз қажет деп ойлаймын. Бүгін рәсімделетін келісімшартқа сәйкес, біз ортақ мақсатымыз - тұтынушылар құқықтарын қорғауды барынша қамтамасыз етуіміз қажет», - деді М.Есенбаев.
Бүгінгі кеңестің нәтижесі бойынша ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі және еліміздегі тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі келісімшартқа қол қойды.