«Жалпы, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі барлық қызметшілерге қатысты. Сәйкесінше, бұл факті бойынша мәселенің мән-жайын түсініп тұрмыз», - деп тоқталды Айгүл Шайымова Мәжілісте тілшілердің сауалына жауап беріп.
Осы орайда, ол агенттік өз тарапынан тиісті шараларды қабылдап, аталған оқиға бойынша іс-қимылдар жасағанын атап өтті.
«Министрдің атына тиісті хат жолданды. Бұл тұрғыда ел азаматтарымен қарым-қатынаста этикалық нормаларды сақтау қажеттігі туралы бағынышты қызметкерлермен қажетті жұмыстарды атқару талабы айтылды», - деді Айгүл Шайымова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.