Ағылшын тілі пәні аптасына 5 сағат оқытыла ма - министр ұстанымы
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ағылшын тілі пәнін аптасына 5 сағат оқыту туралы ұсынысқа пікір білдірді.
- Әріптестеріміздің, сарапшылардың айтуына қарағанда, дәл қазіргі сағат саны жеткілікті. Ең бастысы, сағат санын емес, сапасын арттыруға бірінші кезекте ден қою туралы мәселе көтеріліп отыр. Егер оқу сапасы көтерілсе, сағатты көбейтудің қажеттігі болмауы да мүмкін, - деді министр.
Оның сөзінше, оқушылардың сағат жүктемесі онсыз да күрделі.
- Мен сарапшылардың осы ойымен келісемін. Аптасына 5 сағат қою міндетті емес. Онсыз да 5 сағат математика бар, қазақ тілінің санын да арттырып жатырмыз. Яғни, ағылшын тілі пәнін аптасына 5 сағат оқытудың қазір қажеті жоқ, - деді Ғани Бейсембаев.
Еске салсақ, ақпан айындағы ведомствоның алқа мәжілісінде министр биология, информатика, ағылшын, қазақ тілі мұғалімдерінің дайындығы әлсіз екенін айтқан болатын.