«Елдегі аграрлық ғылымның тарихына қысқаша тоқталып кетсем. 1990 жылдары аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу институттары 31, тәжірибелік шаруашылықтар саны 34 болған. Ондағы ғылыми қызметкерлер саны 6580 адам, жер көлемі 2,9 млн гектар және 618 мың бас мал болған. Содан бері аграрлық ғылымда 6 рет қайта құру, реформа жүргізілген. Нәтижесінде ғылыми зерттеу институттарының саны 31-ден 11-ге, тәжірибелік шаруашылықтар 34-тен 17-ге, ғылыми қызметкерлер саны 6580-нен 902-ге дейін қысқарған. Аталған реформа жалғасын тауып, кейінгі 2 жылдың ішінде Ұлттық аграрлық ғылыми білім-беру орталығының құрамындағы 20 ғылыми-зерттеу институты мен тәжірибелік станциялар жоғары оқу орындарының басқаруына өтіп кеткен. Оған қоса НАНОЦ-ты тарату мақсатында алғашқы қадамдар басталып, ол ұйымнан білікті кадрларымыз басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болған. Мойындауымыз керек, аграрлық саладағы жүргізілген реформалар олардың мазмұнын емес, басқарудың әкімшілік формаларын өзгертумен ғана шектелген», - деді А.Сапаров.
Бұл тұрғыда министр аталған іс-қимылдар салдарынан ғылыми-зерттеу нәтижелерінің сапасы мен тиімділігі төмендеп, ғалымдардың кадрлық құрамы нашарлағанын айтты.
«Оған қоса, аграрлық ғылымды қаржыландыру ТМД елдерімен салыстырғанда деңгейі өте төмен көрсеткіште қалды. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанда аграрлық ғылыми-зерттеулерге жұмсалған қаржы көлемі саладағы ішкі жалпы өнімнің 0,1 пайызын ғана құрады. Ал Арменияда бұл көрсеткіш 0,3%, Беларусьте – 0,6%, Ресейде 1,2 % болды. Бір сөзбен айтқанда, аграрлық ғылымдағы жүргізілген реформалар оң нәтиже әкелмеді, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нашарлады», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов аграрлық ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатқанын сынға алған еді.