«Аграрлық несие корпорациясының» СҚО филиалы басшысы пара алу күдігімен ұсталды

Фото: Фото: "ҚазАқпарат" ХАА

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысын ұстады. Оның ұсталуы «Бизнеске жол» жобасын іске асырумен байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім еткендей, филиал басшысы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерден бірнеше рет пара алды деп күдіктелуде. Пара сомасы –100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін.

Пара ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде бөлінетін кредиттік қарыздарды беру мәселесін оң және кедергісіз шешу үшін алынған.

«Күдікті Петропавл қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген агенттік мәліметінде.

Антикор еске салып өткендей, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.

«Бизнеске жол» жобасының мақсаты – кәсіпкерлерге әртүрлі әкімшілік кедергілерді, құжаттарды ресімдеу кезінде әуре-сарсаңдарды еңсеруге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету.