Ынтымақтастықтың келешегін талқылауға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бейінді департаменттерінің басшылары және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) өкілдері қатысты.
Айдарбек Сапаров министрліктің Аризона университетінің Қазақстанда халықаралық академиялық стандарттарға сай мамандар даярлауға қосып отырған үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті дамыту отандық агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды тетіктерінің бірі екенін айтты.
— Агроөнеркәсіптік кешен — еліміз экономикасының негізгі салаларының бірі. Бүгінде еңбек өнімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, климаттың өзгеруіне бейімделу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты ауқымды міндеттер тұр. Бұл міндеттерді аграрлық ғылымды дамыту мен жоғары білікті кадрлар даярламайынша жүзеге асыру мүмкін емес, — деді министр.
Өз кезегінде Суреш Гаримелла университеттің Қазақстанмен ғылыми және академиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен аграрлық ғылым ұйымдарының базасында бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылады.
Айдарбек Сапаров министрлік тарапынан бірлескен бастамаларды іске асыратын негізгі ұйым ретінде құрамына ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибе станциялары және еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің шамамен 70 пайызын қамтитын үш мамандандырылған аграрлық жоғары оқу орны кіретін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы айқындалғанын хабарлады.
Қазақстан тарапы су ресурстарын басқару, биотехнологиялар, цифрлық ауыл шаруашылығы және ветеринария салаларында Аризона университетінің озық тәжірибесін енгізуге мүдделі екенін білдірді.
Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту, жас ғалымдар мен оқытушылардың тағылымдамаларын ұйымдастыру, сондай-ақ магистратура мен докторантура деңгейіндегі бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру белгіленді.
Кездесу барысында тараптар ғылым, білім беру және технологиялар трансфері салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты америкалық делегацияның ұсыныстарын егжей-тегжейлі талқылады.
Айта кетелік АӨК-ке құйылған қаржы экономикалық өсімге жол ашқан еді.