Аграрлық қолхатпен кепілге не алынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары «Аграрлық қолхаттар туралы» ҚР заңының әзірлеп, Үкіметке қорытынды алуға жіберді. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының Парламенттің 4-сессиясында қойған міндеттерін талқылауға арналған Парламенттегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысында депутат Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлықтарыңызға белгілі, жылдан-жылға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыру қолжетімділігі төмендей түсуде. Қаржы айналымының жетіспеу мәселесіне шаруалар көктемгі егіс және көктемгі егін жинау жұмыстарын жүргізу кезінде ұдайы тап болады. Әсіресе бұдан шағын және орта ауыл шаруашылығы тауларларын өндірушілер қатты зардап шегіп отыр», - деді Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, бұл мәселенің орын алуына шаруалардың қолында кепілдің болмау себеп. Ал осы ретте Мәжіліс депуттары әзірлеген «Аграрлық қолхаттар туралы» заң жобасы аталған мәселені шешуге бағытталған жаңа несиелендіру құралы болуы керек.

«Ең басты айтатын нәрсе аграрлық қолхаттар бойынша кепіл ретінде алдағы астық түсімі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, уақыт өте келе мал жануарлары алынатын болады. «Аграрлық қолхаттар туралы» ҚР заңының жобасы заң шығару бастамасы тәртібінде біздің фракция депутаттарымен әзірленіп, Үкіметке қорытынды алуға жіберілді. Қазіргі кезде осы заң жобасы бойынша мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен жұмыс жалғасуда», - деді Мәжіліс депутаты.