Аграрлық сала: Өндірістегі басым бағыттар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аграрлы ел ретінде ауылшаруашылығының бүгіні мен ертеңіне жіті мән беріп келеді. Салаға жаңа технологияларды енгізумен қоса, субсидия бөлу, агрөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерді қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да ауылшаруашылығын дамыту көзделген.

Ең алдымен, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау жүйесін жетілдіру жолында ауқымды істер атқарылып келеді. ҚР Ауылшаруашылық министрі А.Мамытбеков: «Қазақстанда гектарға субсидиялар 2000-жылдардың басында пайда болды. Ол уақытта олар логикалық негізге ие болатын, себебі ол кезде сала айналым қаражатының жетіспеушілігіне байланысты үлкен қиындықтарға тап болған еді. Осы субсидиялар есебінен шаруалар ең қажетті жұмыстарды жүзеге асырды», - деген болатын.

Бүгінде агроөнеркәсіп кешені экономикалық тартымды салаға айналды. Аграрлық сектордағы инвестициялар өсімінің қарқыны экономиканың басқа салаларынан басым түсуде. Десе де, ауыл шаруашылығында технологияллар сапасының төмендігіне, саланы механизмдеу деңгейінің әлсіздігіне, соның нәтижесінде орын алатын төмен өнімділік пен түсімділікке байланысты бірқатар мәселелер бар.

Қазіргі таңда арзан техника лизингінің болмауынан фермерлердің гектарлық субсидиялар арқылы тапқан пайдасынан шығыны көп болып отыр. Мысалы, бидай жинауды кешіктірудің әр 10 күні астықтың 10% шығынына алып келеді екен. «Сондықтан, өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидияларды 2016 жылдан бастап қысқартып, оларды техника алуға пайыздық мөлшерлеме мен лизингті субсидиялауға, инвестициялық субсидияларға бағыттау ұсынылады. Біз шығындардың 30%-ға жуығын қаржыландыра аламыз». Сондай-ақ, босатылған қаражатты білімдерді тарату жүйесін, фитосанитарлық қызметті күшейтуге және АӨК-ті қолдаудың жалпы шараларына жататын бірқатар басқа да шығындарды қаржыландыруға бағыттау ұсынылған. Сонымен қатар, тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар алуға субсидияларды тиімді деп сақтау ұсынылады. Мал шаруашылығындағы өнімділікті қолдауға субсидияларды мәселені 2016 жылы талқылаумен тек 2017 жылы қайта қарау ұсынылуда. Жалпы алғанда, қайта бөлу сомасы шамамен 100 млрд. теңгені құрайды. Ауылшаруашылық саласын құқықтық тұрғыда реттеу үшін де бірқатар істер қолға алынды. Атап айтқанда, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған «ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданған еді. Бұл заң жобаның негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беру тетігін енгізу арқылы, оларды тиімді әрі ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың пікірінше, қазіргі күні еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 97,4 млн гектары немесе 98,8 пайызы ұзақмерзімді жалдауда болса, тек 1,2 пайызы ғана жеке меншікте. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер нарықтық айналымға тартылмаған күйінде қалып отыр». Осыған байланысты заң жобасының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлерді ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл ретте жерлерді жеке меншікке табыстаудың жаңа тетіктерін енгізу қарастырылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатында жерді тиімді пайдалану үшін оны аукцион арқылы жеке меншікке сату көзделеді. Бұл ретте мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншіктік құқықпен аукцион арқылы кезеңдер бойынша берілмек. Бұл жердің толыққанды нарықтық құралға айналуына және ауыл шаруашылығының өтімді активі болуына жол ашады», - деді министр Ерболат Досаев.

Былтыр құзырлы органдар еліміз бойынша 4,5 мың гектарлық субсидия негізсіз бөлінгенін анықтаған. Өткен жылдың өзiнде-ақ прокуратура субсидиялар, оның iшiнде дәл осы гектарлық субсидиялар негiзсiз бөлінген 4,5 мыңнан астам фактіні анықтады. Сондықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі келесі жылдан бастап гектарға берілетін субсидияны жойып, орнына инвестициялық субсидия, техника сатып алуға берілетін субсидия енгізбекші. А.Мамытбековтің пікірінше, жаңа тəртіппен берілетін, субсидияларды басқару əлдеқайда оңай болады. Бұл туралы АШМ басшысы А.Мамытбеков: «Жаңа берiлетiн субсидиялар оңай басқарылатын болады. Мысалы, техника сатып алсаң, субсидия аласың, болды, бiттi. Себебi, ол техника есепке қойылады. Сол сияқты, жабдық сатып алсаң да, мал сатып алсаң да, банкке ақшасын төлесең де, барлығы оңай тексерледi, сәйкесiнше оңай басқарылады. Бұл өз кезегінде шенеунікпен келісу үшін пара беру фактілерін де азайтады», - деп түсіндірді.

Қазақстан ауыл шаруашылығында дамыған елдердің одағы - Кернс тобына қосылу мүмкіндігін қарастыруда. Бүгінде құрамында 20-ға тарта ел бар Кернс тобының басты талабы - өндіріс көлемін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға басымдық береді. Сондықтан, болашақта Кернс тобына өту мәселесі АШМ-де жан-жақты талқыланып жатыр.