Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы «Еңбек-жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Алтынбек Исабаев ҚазАқпарат тілшісіне өз пікірімен осылайша бөлісті. Ол бүгін Астанада өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсіміне Қызылорда облысының атынан қатысқан еді.
«Мемлекет басшысы «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейтуді тапсырды. Бұдан бұрынғы жылдарда елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Ол өз тиімділігін көрсетіп, қаншама жас маманның ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге үлес қосуына негіз қалады.
Мен бүгінде серіктестікте бас агроном қызметін атқарамын. Шынын айтқанда, бұрынғы жылдарда жоғары білімді жас мамандардың ауылға оралу жағдайы төмендеп кеткен еді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы сол түйіткілдің түйіні шешілуіне үлкен септігін тигізіп отыр», - деді Алтынбек Исабаев.
Оның айтуынша, өзі қызмет жасайтын «Еңбек-жер» ЖШС - Сыр өңіріндегі іргелі шаруашылықтың бірі. Негізінен күріш шаруашылығына бейімделген. Жыл сайын 1500 гектарға жуық алқапқа күріш егіледі. Одан гектарына орташа есеппен алғанда 60 центнерден өнім жиналады.
«Мен серіктестікте еңбек еткеніме биыл бес жылдан асты. Аға буын өкілдерінен өз тәжірибемді молайту бағытында көп тәлім алып жүрмін. Елбасы бүгінгі жүздесу барысында аграрлық саланы дамыту бағытында көптеген ойларымен бөлісті. Жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажеттігін айтты. Жалпы, аграрлық сала дамыған елдерде жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады. Онда цифрлық технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады. Қуанарлығы, бүгінде оңды өзгерістер біздің өмірімізде де кеңінен қанат жайып келеді», - деді Алтынбек Исабаев.
Ол Жастар жылының ашылу салтанаты барысында Мемлекет басшысы бүгінгі буын өкілдеріне бағытталған көптеген ой-толғамын білдіргеніне тоқталды.
«Елбасы өз сөзінде «Қазіргі экономикадағы бәсекелестік жаңа технология ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қолданылуына байланысты» деді. Расында, бүгінде әлемде жас кезінен танылған тұлғалар аз емес. Президент атап өткендей, «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында, «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Осы орайда ол бизнеспен айналысуға ниетті жастарға үлкен қолдау жасалатынына назар аударды. Үкімет тарапынан көрсетілген тиісті қолдаудың нәтижесінде бүгінде елімізде жас кәсіпкерлер саны артып келеді. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсыратынын айтып өтті. Бұл бүгінгі буын өкілдеріне жасалған ерекше қамқорлық деп түсінгеніміз дұрыс», - деді Алтынбек Исабаев.