Аграрлық секторды қолдау - дағдарыс кезеңіндегі тың мүмкіндікке жол аша алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық дағдарыс жағдайында Қазақстан үшін аграрлық секторды қолдау аса маңызды басымдықтардың бірі ретінде айқындалып отырғаны анық. Шындығында, ауыл шаруашылығының әлеуеті тұрғысынан Қазақстан үшін аграрлық секторды қолдау азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, дағдарыста ашылар тың мүмкіндік те. Өйткені, соңғы жылдары жаһандық азық тапшылығы туралы мәселе қозғалып, екінші жағынан таза, сапалы тамақ өндірісіне әлемдік қауымдастықтың сұранысы арта түсуде. Ендеше, еліміздегі аграрлық секторды қолдау - бұл дағдарыста тұрақтылықты сақтау мен отандық өндірісті күшейтудің бірден бір бастауы.

Айта кетерлігі, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы жануарлар әлемінің биоалуандығын сақтау мәселесін көтере бастады. Әсіресе жаһандық жылыну және жер шарындағы халық санының өсуі кезінде бұл шара өте қажет екендігі атап өтіледі. Қазіргі уақытта әлемде ауылшаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің шамамен 17 пайызы жойылып кету алдында тұр. Ал осындай жағдайда үлкен әлеуетті иеленіп отырған Қазақстан әлемдік ферма еліне айнала ала ма? Айналуға не кедергі?

Бір анық мәселе - бүгінгі қазақстандық ауыл шаруашылығы секторы бірқатар проблемаларды бастан кешіп отыр. Бұны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы жылы жарияланған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында да атап өткен болатын. Мемлекет басшысы «өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?» дегенге тоқтала келе, бұған ең алдымен, мемлекеттік сектордағы үлестің көптігін алға тартты. «ҚазАгро» холдингтері өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтеріне тиімді бақылау жасай алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банктер арасындағы тиімсіз делдалдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге, жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады», - деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы аграрлық сектордағы жекешелендіру мәселесіне де назар бұрып, оған қазақстандық және шетелдік инвесторларды барынша мол қатыстыру үшін жағдай жасау керектігін жүктеді. Басқарушы үш холдингті, соның ішінде «ҚазАгроны» қайта құрылымдап, жинақы ұйымға айналдыру қажеттігін де айтқан болатын.

Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін былтырғы жыл сәтті аяқталған. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға артып, 2,7 триллион теңгеге жеткен. Министр Асылжан Мамытбековтің айтуынша, аграрлық сектордағы өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 5,6 пайызға, мал шаруашылығының өнімі 3,2 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілген. Саланың негізгі капиталына салынған инвестиция ауқымы былтыр 6,3 пайызға төмендеп, 167 миллиард теңгені құраған, алайда азық-түлік өнеркәсібіне инвестиция 28 пайызға артты. Бастырылған астық 18 миллион тоннаны құраса, оның ішінде 14 миллион тоннасы бидай болды. «Халықаарлық биржаларда қазақстандық бидайға баға әлемге атақты брендттермен теңдей болды. Бұл негізінен егіс алаңдарын әртараптандыру мен астықтың сапасын арттыру есебінен орын алды. Былтыр өндірілген қант қызылшасы 176 мың тоннаны құрады, бұл 2014 жылғыға қарағанда бес есе артық.

Ал мал шаруашылығына келсек, еліміздегі мал басы едәуір артқан. Әсіресе, шаруашылық құрылымдарда олардың үлесі 2010 жылы 18 пайыз болса, былтыр 37,62 пайызға жетіпті. Ет өндірісі 3,5 пайыз, сүт 2,4 пайызға өсті. Тоқтала кететін жайт, мемлекет басшысы ірі қара мал етінің ет экспортын арттыруды да жүктеген болатын. Бұл мақсатта мал басын сатып алу, бордақылау алаңдарын салу жоспарға сай жүргізілуде. «Сиыр етінің экспорттық жоспары 2015 жылы 11,4 мың тоннаға белгіленген болатын, алайда нақты экспортталғаны 6,5 мың тоннаны құрайды. Жоспардың орындалмауына басты себеп - ресейлік рубльдің құнсыздануы. Доллардың, теңге мен рубль арасындағы айырмашылығына қатысты бағам экспортқа шындап әсер етті. Тек теңге еркіне жіберілген соң ғана біздің экспорт жанданды», - дейді Асылжан Мамытбеков.

Министрдің айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды арттыру шаралары жүзеге асуда. Бағдарламаға сәйкес, аграрлық секторды субсидиялау 2020 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге артуы тиіс. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы, соның ішінде мал шаруашылығының өнімділігі мен өсімдік шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштер әлемдік деңгейден әлі де төмен. Сектордағы еңбек өнімділігі де төмен деңгейде болып отыр. «Сондықтан да, аграрлық секторды қаржыландыру жүйесін қайта қарастыру қажеттілігі туындайды. Бұл ретте ауыл халқы санының үлестік артықшылығын, салада қызмет ететін экономикалық белсенді жұртшылық үлесін есепке ала отырып, мемлекеттік қолдау көлемін сақтау ғана емес, оны арттыру да маңызды деп санаймыз. Сондықтан да, біздің ұсынысымыз мемлекеттік қолдауларды қысқартып, бюджетті оңтайландыруға қатысты болмайды. Керісінше, біз бұған дейін белгіленген жоспар бойынша оны арттыруды қалаймыз. Сонымен қатар, біздің алдағы мақсатымыз берілетін субсидиялардың тиімділігін де көтеру», - дейді А. Мамытбеков. Оның айтуынша, қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін субсидия, кредит пен сақтандыру бойынша қолдаудың жаңа құралдары енгізілген. 2015 жылы агроөнеркәсіп секторын субсидиялау көлемі 174,8 миллиард теңгені құрап, 2014 жылға қарағанда 18 пайызға өскен. Берілген кредиттер бойынша негізгі борыштық сома 234 миллиард теңгені құрады.

Ендігі бір мәселе - әлемдік сұранысты тудыратын, экологиялық таза, органикалық сапалы азық-түлік өндіру. Бұндай талапты Мемлекет басшысы бес институционалдық реформаға негізделген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да атап өткен болатын. Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін айтып, экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құруды да тапсырды.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстанда органикалық егін шаруашылығы үшін үш жүз мың гектар жер пайдаланылады. Дегенмен, Қазақстанда органикалық өнімдер үлесіне елдегі барлық тұтынылатын өнімнің шамамен 0,1 пайызы келеді.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, тұтастай алғанда, Қазақстандағы органикалық өнімдер өндіру әлеуеті өте зор. Дегенмен, бұған қарамастан елімізде қазіргі таңда жеке компанияларды органикалық өнім өндіру бойынша сертификаттайтын мемлекеттік жүйе жоқ, кедергілер де басым. Органикалық өнім өндіру саласын заңнамалық реттеудің болмауы бүгінгі таңда осы нарықтың дамуына кедергі болып отыр. Соған қарамастан, қазірдің өзінде елімізде жиырмаға тарта кәсіпорын органикалық өнімдер шығарумен айналысып келеді. Солардың арқасында Қазақстан сертификатталған органикалық жерлер бойынша өңірде бірінші орында тұр. Ал олар шығаратын өнім негізінен экспортқа бағытталады.

Бұл бағыттағы шаралардың ауқымын арттыру мақсатында әрі Елбасы тапсырмасына сәйкес, былтыр «Органикалық өнім өндіру туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжаттың мақсаты органикалық өнім өндіруді дамыту үшін жағдай жасау, табиғат ресурстарын сақтау, топырақты, суды, ауаны қоса алғанда табиғи ресурстарды басқарудың, биоәралуандылықты қолдаудың орнықты жүйелерін пайдалану болып табылады. Бұдан бөлек, тамақ өнімдерінің сапасын арттырып, экологиялық өнімге баса мән бере отырып, бәсекеге қабілетті ұлттық бренд жасауға қолдау көрсету қарастырылады. Осы арқылы басқа да дамушы елдерге қазақстандық азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайту шаралары қамтылмақ.

Бұндай қадамның барлығы Қазақстанның ДСҰ аясындағы ауыл шаруашылығын қолдауда да үлкен маңызға ие екені сөзсіз. Айта кетерлігі, ДСҰ-ға ену туралы келіссөздер барысында Қазақстан аграрлық секторға мемлекеттік қолдаудың деңгейін төмендетпеуге күш салған болатын. «Яғни, алдағы уақытта елімізде ауыл шаруашылығын субсидиялау деңгейін 8,5 пайызға жеткізуге де әбден болады. Тіпті бұл деңгейді тауарлы емес спецификалық субсидиялардың есебінен екі есеге де арттыра аламыз», - дейді Асылжан Мамытбеков.