Аграрлық университет ректоры А.Күрішбаев Астанада біртұтас аграрлық білім-ғылым орталығын құруды ұсынды

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев Астанада біртұтас аграрлық білім-ғылым орталығын құруды ұсынды.

Бұл ұсынысын ЖОО ректоры кеше, Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен өткен «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХVІ конференциясы барысында жасады.

Оның айтуынша, барлық дамыған елдерде университет ғылым мен білімнің біртұтас жүйесі болып табылады. Бұл ғылыми білімдерді алу және тарату, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу үрдістерін үйлестіруге мүмкіндік беріп отыр.

«Бізде аграрлық ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-лар ғылым мен білімнің ажырамас қағидатын бұза отырып, әлі күнге дейін бір-бірінен бөлектеніп жұмыс істейді. Осыған орай, біздің жетекші ғалымдарымыз университтің және өңірдегі ірі ғылыми-зерттеу институттардың, соның ішінде Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында біртұтас білім-ғылым орталығын құру бастамасымен шықты. Бұл студенттерді ғылыми зертханалар мен тәжірибелік шаруашылықтарда оқыту арқылы білім берудің сапасын арттырып қана қоймай, елде инновациялық құрылымның дамуы үшін жағымды жағдайлар жасайды. Осы сәтті пайдалана отырып, конференцияға қатысушы мәжіліс депутаттарынан, үкімет мүшелерінен Астанада аграрлық білім-ғылым орталығын құру бойынша ұсынысымызды қолдауды сұраймын», - деп атап өтті А.Күрішбаев.

Аграрлық университеттің ректоры сондай-ақ, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ғылыми-зерттеу дәрежесін алуға әрекеттеніп жатқандығын жеткізді. Жуырда университет базасында «Астана» энергияны үнемдеу және білімду тарату орталығы құрылды. Оның мақсаты білім, ғылым және өндірісті шоғырландыру ғана емес, энергия ресурстарын үнемдеу бойынша қаланың проблемаларын шешу болып табылады.

«Бұл -  партиямыздың Астана қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың тұрғындармен жуырда болған кездесуінде айтқан «Ақылды қаланы» қалыптастыру жолындағы нақты қадам болып табылады», - деп түйіндеді А.Күрішбаев.