Агрис Прейманис Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жолдарын ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еуропа қайта құру және даму банкінің директоры Агрис Прейманис Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту жолдарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысында сөз сөйлеген Агрис Прейманис елдегі заңнамалық реформалардың дер кезінде қолға алынғанын атады.

«Бұл үстел басында Қазақстан экономикасына 250 млрд доллардан астам қаржы салған инвесторлар отыр. Мұндай жетістік Қазақстанның инвесторлар үшін өте тартымды елге айналғанын көрсетеді», - деп сөз бастаған еуропалық банк өкілі заңнамадағы өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді.

«Көпжылғы байланыс тәжірибемізді ескере отырып, Қазақстанға бірінші кезекте экологиялық кодексті әлі де жетілдіре түсуді ұсынамыз. Қазақстанның экологиялық қауіпсіз ел болғаны инвесторлар үшін де тиімді. Елордадағы қаржы орталығына үлкен сенім артылып отыр. Оның жұмысын да жүйелендіру қажет», - деді Агрис Прейманис.

Оның айтуынша, инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалауға мейлінше көп уақыт бөлінуі тиіс.

«Қылмыстық және қылмыстық процессуалдық заңнаманы жетілдіре түссе, инвесторлардың мемлекет саясатына деген сенімі артар еді. Әсіресе салықтан жалтару жазасын пысықтау қажет. Адам капиталын дамыту, жұмысшылардың біліктілігін арттыру,шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін оңтайландыру бойынша да әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өзгертулер енгізуді ұсынар едім», - деді ол.

Еске салсақ, форумда Еуропа даму және қайта құру банкі Қазақстан экономикасына $9 млрд инвестиция құйғаны айтылды.